Алғыс айтамын
Қашар кентіне көшіп келгенімізге жарты жыл болып қалған еді. Кенеттен кішкене келінім Гүлдерай сырқаттанып қалды. Дереу ауруханаға барып тексеруден өткеннен кейін, плеврит (өкпеге су жиналаған) ауруына шалдыққан деген диагноз қойылып, Рудный қаласының емханасына жатқызылды. Әне-міне дегенше уақыт деген жүйрік қой. Бүгінде келінім сауығып, отбасы тіршілігіне араласып кетті.
Осыдан үш ай бұрын келінімнің хал-жағдайын білуге емханаға барған болатынмын. Бес қабатты емхана сондай таза, емдік дәрі-дәрмектері де жетерлік екен. Медбикелерден рұқсат алып, емдейтін дәрігерге жолықтым. Бөлмеде қараторы, орта бойлы кісі қарсы алды. Амандасқан соң, келгендегі шаруамды айттым: "Иә, келініңіз уақыт өткізбей келген екен. Қазіргі күнде өкпесі қапталып, сауығып қалды. Бірақ жақсы күтім қажет", – деді дәрігер. "Ауруға шалдыққан адамға тек дәрі-дәрмек емес, дәрігердің жылы лебізі мен мейірімі де ем емес пе?" деген ойға келдім. Алпыстан асқан, салмақты да сабырлы дәрігер ағамыздың аты-жөні Ідіріс Сансызбаев. Мақтауға лайықты азаматтарымызға арнап атамыз қазақ "жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" деген емес пе?! Сырласым "Қостанай таңы" газеті арқылы, ақ халатты абзал жандарға алғыс айтамын.
Сүндет МОЛДАШЕВ.
Қашар кенті,
Рудный қаласы.