Қонысбай ӘБІЛ, Қазақстанның халық ақыны Бүркіт ақынға!
Санайтын өзіңді үлгі, сөзіңді ұран,
Жігітсің атың Бүркіт, өзің Қыран.
Көргендей қызыл түлкі қомданасың,
Еткенде сағым қырдан сезім қылаң.
Өнерге араластың бала күннен,
Танылдың таудай биік талабыңмен.
Домбыраң сан додада топты жарған,
Келеді бірге жасап қаламыңмен.
Бұрғалы құбылаға бетіңді шын,
Кісілік келбетіңмен өтімдісің.
Төсіне қасиетті туған жердің,
Қағылған алтын қазық секілдісің.
Кеудеден күмбірлете өлең құйып,
Жаныма жақсыларды келем жиып.
Ауылда өтсе-дағы бар өмірің,
Талайдан қаладағы өрең биік.
Жүргенде айтыстарға алғаш кіріп,
Төрінде сахнаның малдас құрып.
Намысын қарт Торғайдың қорғап едік,
Нұрханның нұрлы жолын
жалғастырып.
Өнердің бірге жүріп қаймағымен,
Күніміз өтуші еді тойда кілең.
Облыс-облыс боп айтысқанда,
Сенімді нөкеріме айналып ең.
Жырларың көпке айтқан назың еді,
Халқыңның рухани азығы еді.
Батырдай денең алып болғанымен,
Жүрегің қыздан да өткен нәзік еді.
Бүгін әр қадамыңа мән берілді,
Ізінен тұлпарлардың шаң көрінді.
Қосылып Қалибекпен шырқа бүгін,
Сөздерін өзің жазған әндеріңді.
Орының сенің, Бүркіт, төрден бүгін,
Аласың бағаңды да елден бүгін.
Бір жылғы төл едік қой, құтты болсын,
Отызға екініші рет келген күнің!