Балаларға базарлық
Елімізде көп балалы аналарға деген қамқорлық аясы артып келеді. Әулиекөл ауданында да жергілікті билік басшылары мұндай аналарға жәрдемдесіп, қамқорлық танытуды ұмытқан емес.
Жаңа жыл қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Роза Нұғманова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әсет Айсин, Кәсіпкерлер палатасы Әулиекөл аудандық филиалының директоры Дәулет Қойшыбаев бастаған шенеуніктер жеті бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Зулихан Бибулатованың үйіне арнайы барып жаңа жылдық сый-сияпат жасады. Олар кішкентай бүлдіршіндерге “Баян сұлу” фабрикасының кондитерлік өнімдерін тарту етіп қана қоймай, “Меценаттар клубы” атынан 100 мың теңге ақшалай көмек те көрсетті.
-Мен шиеттей бала-шағаны жалғыз өзім асырап отырсам да, оларды ешкімнен кем қылмай өсіруге тырыс бағудамын. Шындығын айтсам, мұндай сыйлықты күтпеген де едім. Біз үшін бұл тосын сый болды. Бізді назардан қалдырмай, осындай көмек қолын созып жатқан басшыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді жалғыз басты ана Зулихан Бибулатова.
Қарлығаш Оспанова