Мұрағат сыр шертеді

Сарғайған газет беттерінен
2.Соғыстан кейінгі газет
"Большевиктік  жол" газетінің соғыстан кейінгі тіршілігі қандай болған? Енді соған назар аударайық.
1947 жылғы 1 январь (қаңтар) күнгі санның тігіндісі қолымда. Газеттің шыға бастағанына он бір жыл екені ескертілген. Қостанай  облысы 1936 жылы құрылғаны белгілі. Сонан бергі уақытта бұл басылым қостанайлықтардың тыныс-тіршілігіне арналған.
Сталиндік жаңа, төртінші бесжылдықтың қарқын алған шағы – бұл кезең. Екінші  жылдың  бастау  алуы  әрбір мақалада айқындалған. Менің көзіме Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының председателі Сәбит Мұқановтың материалы шалынды.
Қырқыншы жылдардың орта кезінің  өзінде оқырмандарына үлкен туындыларымен танылған Сәбең – Сәбит Мұқановтың жылы  лебізі қызықтырды.
  Құттықтау хат "Қостанай облыстық "Большевиктік жол" газетінің редакциясына" деп аталыпты. Шағын материалды сол күйінде көшіріп алдым. Онда: "Мен жерлестерімді жаңа жылмен құттықтап, Сталиндік жаңа бесжылдықтың  жоспары жемісті орындалуына тілектеспін. 
Қазақстан жазушылары  әдебиет искусствосы жөнінде БК(б) партиясы Орталық Комитетінің қаулысын орындай отырып, жаңа жылда Сталиндік  жаңа  дәуірімізге сай  боларлықтай   құнды   шығармалар   жасау  үшін большевикше  күресетініне  сендіремін"  деп жазылған. Газеттің жауапты  редакторы  Беген  Байсақалов  болыпты. 
Газетте  қолданылатын терминдер  бойынша  айтсақ, сол  жылдың үшінші  январь, жұма  күнгі  санынан тілшілердің сын мақала жазуға  құлшынысы  байқалады.  
"Газет  дабылынан  кейін"  айдарымен берілген мақалаға тоқталайық. Мұнан біраз уақыт бұрынғы тілшінің "Губаревтің табысы – басшылардың әдісі" мақаласы сынға құрылыпты. Дайындау министрлігінің Семиозер ауданындағы өкілі мақалада  көрсетілген фактілердің  бәрі   дұрыс  екенін  анықтады. Губаревтің  диірменнің кірістерін жұмсап,   жемқорлыққа салынғандық фактілері ашылған. Ісі  сотқа  берілген.
Жерлесіміз,  танымал   ақын   Мариям  Хакімжанова да  газеттен қол үзбепті. Оның бесжылдық  туралы "Ұршық" атты өлеңі басылған.
  12 январь күнгі санда да сын  мақала басылған. Т. Измаилов "Колхозшылар газет, журналдарды уақытылы алмайды" деген мақалада дабыл қағыпты. Онда Қарабалық ауданының "Жаңа ауыл" колхозы  почтаны  Ново-Троицкі  пошта  бөлімінен  алып келген еді дейді автор. – Почта график бойынша  емес. Қазір Қазақ  ССР Жоғарғы  Советіне сайлау науқаны қызу жүріп жатыр.
Шынында да автордың сыны орынды. Сайлау жүріп жатқанда  қазақ басылымының ауылдарға дер кезінде жеткізілуі керек қой.
Омар Шипиндей танымал ақынның Қазақ  ССР Жоғарғы Советіне депутаттыққа  кандидат  болып   ұсынылғаны  ( суретімен) газеттің 19 санында  жарияланған.
Хасен  Жылкелдиннің есімі Семиозер (Әулиекөл) ауданына және Торғай  аймағына кеңінен танымал  болған. Партия қатарына 1925 жылы  қабылданады. 1926-33 жылдары Совет қызметін атқарған. 1937 жылы Алматыда Марксизм-Ленинизм  курсында  оқыды. Тор-ғай аудандық Совет атқару комитетінің председательдігіне сайланған. Қазақстанның 25 жылдығы мерекесінің "Құрмет Белгісі"  орденімен марапат-талған. Торғай сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидат болған. Хасен Жылгелдиннің суреті газетке басылыпты.
  Тұңғыш роман "Қалың малды" жазған Спандияр  Көбеев депутаттыққа Меңдіқара ауданынан ұсынылған.
1944  жылы Спандияр Көбеевке Қазақ ССР еңбегі сіңген оқытушысы атағын  алды.  Ленин орденін, "1941 -1945 жылдарының Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін" медалін омырауына  тақты.
Белгілі  ұстаз  Спандияр   Көбеевтің    шәкірт  тәрбиелеудегі еңбегі лайықты бағаланғанын аға ұрпақ өкілі  жақсы  біледі. Мұрағатқа бас сұғып, газет тігіндісін ақтарудағы мақсатымыз – сонау алыстағы жылдарда облыстық газетте есімі халыққа  танымал қандай адамдар туралы материалдар жарияланғанын бүгінгі жас ұрпаққа жеткізу. Жоғарыда Спандияр Көбеевтің қандай ұстаз болғаны  1954 жылғы   8  январьдағы № 5  санда кеңінен хабарланған.  
  Газет сол кезде  орысша терминдерді  қазақшаға аудармай бере  берген. "Спандияр  Көбеевтің юбилейі" тақырыбында "Юбилейі "сөзі сол  қалпында алынған. Мақалада Меңдіқара ауданының  орталығындағы  мәдениет  үйіндегі салтанатты  жиналыс жайлы  баяндалған.
Салтанатты жиналыс  мерейтой  иесінің   жетпіс  бес  жасқа  толуына  байланысты ұйым- дастырылған. Бас  қосуда  біздің  газеттің редакторы Сафаржан  Хайдаров  сөз сөйлеген.
  Салтанатты жиынға халық көп  жиналған. Көрермендерге  Қостанай филармониясының артистері концерт  қойған  екен.  Жазушы  Спандияр  Көбеевтің "Қалың  мал",  "Орындалған арман"   туындыларынан үзінділер оқылған. 
Ермекбай
     Хасенов
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓