“Күзгі романс”
Серік Асылбекұлы – жазушы драматург. Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы.
Талантты драматургтің "Империядағы кеш" драмасы Алматының М.Әуезов атындағы театрында қойылып, көрермендер көңілінен шықса, "Желтоқсан", "Рәбиғаның махаббаты" пьесалары Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында сахналанып, Республикалық театрлар фестива-лінде "Желтоқсан" спектаклі гранприге ие болды.
"Бір түнгі оқиға" пьесасы бойынша қойылған спектакліне 1998 жылы Тараз қаласында өткен республикалық театр фестивалінің бас жүлдесі берілді.
"Күзгі романс" пьесасы 2005 жылы Қазақстан Республикасы ұлттық кітапханасы мен "Самсунг электроникс" корпорациясының үздік драмалық шығармаларды анықтау мақсатында өткізген республикалық конкурсының бас жүлдесіне ие болса, өткен жылы қырғыздар сахнаға шығарды. Жақында ғана Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық Қазақ драма театрында қойылып, тұсаукесері өтті.
Сайлау (Азамат Чукеев) өнер иесі, режиссер. Оның, құдай қосқан қосағы – Назым (Гүлмира Уәлиева) "Ақша болса, бәрін сатып алу түк емес" деп ойлайтын жекеменшік дүкені бар сауда адамы. Әлібек (Бақытжан Танатқанұлы) миллионер болуды армандайтын, байлыққа мас кәсіпкер, оның жары – бақытты өмір сүруді шынайы махаббатты аңсайтын, екіжүзділік пен әділетсіздікке, алдап-арбауға жаны қас романтик Сюзанна (актриса Зәмзәгүл Бегайдарова).
Оқиға осы екі отбасының – төрт адамның арасындағы қақтығыстар арқылы өрбиді. Төрт актер да өз рөлдерін ойдағыдай сомдап, көрермендер ризашылығына ие болды.
Қазір қандай қоғамда, қалай өмір сүріп жатырмыз, өнер адамдарының жағдайы қандай? Бәрі-бәрі кейіпкерлер сөзі арқылы жеткізіледі. Әр сөзде мән-мағына, астарында сыр жатыр. "Сырлы сөз сахна сәні", "Жүректен шыққан, жүрекке жетеді" ішкі жан толғанысын адамның қос жанары ғана емес, үн, дауыс ырғағы да жеткізеді. Әр айтылған сөзге әсер, ерекше екпін беріп, анық та қанық етіп жеткізу актерлік шеберлікті қалайды.
Қандай шығарма болмасын тілімен көркем. Жүйелі, айшықты, сырлы сөз кейіпкер мінезін ашса, мінез бейнені сомдай түсері хақ. Сахнаның қиындығы да сонда. Көрермендерге бір сөз анық жетпей қалса, шығарманың да қиюы қашары анық. Осыны түсінген төрт актер да әр сөзге мән беруге тырысты.
Спектакльде алыс-жұлыс, атыс-шабыс жоқ, ой-сөз қақтығысы, мінездер сайысы тыңдаушыларын небір ойға жетелеп, толғандырады, өкіндіреді, мұңайтады, қуантады…
Қазір рухани дүниелерімізді ақша, байлық, жалған атақ-даңқ, сүйіс, өтірік құшақтасу, көлгірсу ысырып келе жатқаны шындық. Адам өмірінің басты мақсаты, мұраты не сонда?! Атақ па, даңқ па, барлық пен байлық па, үлкен лауазым ба, әлде шынайы махаббат па? Көрнекті драматург Серік Асылбекұлының "Күзгі романс" драмасы бойынша қойылған бұл спектакль сонау Адам ата мен Хауа анадан бері бүкіл адамзатты толғантып келе жатқан осы мәңгілік сауалдарға жауап іздейді.
Сахна жақсы безендірілген; күздің жаймашуақ, ашық күні, ағаштардан төгілген алтын теңгедей сары жапырақтар актерлардың сәнді тігілген киімдерімен астасып, бірін-бірі көріктендіріп, бірін-бірі жетілдіре түскен. Алайда, табиғатты сол қалпында беру – фотография, жансыз дүние. Сондықтан да суретшінің әлде де іздене түскені жөн еді.
Серікбай Оспанұлы,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі.