Саябақ – веложарыс алаңы емес

Кеш түссе, қаланың саябақтарында, Тобыл жағалауында серуен құратын жұрттың қарасы көбейеді. Қас қарайғанша мауқын басып, қауқылдасып қайтатындардың арасында үлкен жастағы кісілер де көп, бүлдіршіндер де қыруар. Кейінгі кезде ересектер демалыс орындарынан үйлеріне, тәнтілік сезімнен гөрі, ренішпен жиі оралатындықтарын шағым етіп жүр. «Емін-еркін серуендеуге мүмкіндік жоқ» дегенді айтады. Мәселені жастардың «тәртіпсіздігіне» телиді.Велик
Бір-бір велосипедтен тақымдаған бозбалалар (бойжеткендер де бар) жағажайды жарыс алаңына айналдырып алған көрінеді. Шайтанарбамен шайпау қозғалып, ерсілі-қарсылы жөңкіліп жүретін жастардың бұл қылығына жасамыс тұрғындардың өкпесі қара қазандай. «Соншама жүйткитіндері, несі-ей! Адымды аңдап алмасаң адамды қағып жөнелуден тайынбайды олар»,-дейді үлкен кісілер кейіс білдіріп. Расында, «веложарыс» өткізетіндей ол маң аумағы аса үкен де емес. Жолдардың да бұрылыс-бұлтаңы көп. Келеңсіз оқиғалардың болмасына кепілдік жоқ. Оның үстіне, жұқа ғана лентамен қоршалған әсем гүлдерді, жанталаспен ызғып келіп, бұзып, бүлдіріп, таптап өтетіндерге де көпшілік куә болып жүр. Жұртшылық шайтанарба үстінде «аруағы қозатын» тізгінсіздерге наразы. Олардың саябақ ішінде ойқастауларын үзілді-кесілді қаламайды.вело
Велосипедшілердің де базынасы бар. «Егер қос дөңгелек үстіндегілерге арналған жол болса, мұндай түсінбеушіліктің ешбірі туындамайтын еді. Қала ішінде жүруге әлбетте болмайды, басқа қайда баруымыз мүмкін?»- дегенді айтып, ақталғылары келеді. Не десек те, бұл түйткіл еленіп, оң шешімін таппайынша, қос тарапқа саябақ ішіндегі жолды бөлісе тұруларына тура келетін сияқты.
 
Жандос Жүсіпбек

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓