Диагноздан жаңылған дәрігерлер (мақаланың жалғасы)
Сайтымызда сенбі күні «Екпе ем болып жатыр ма?» (https://old.kostanaytany.kz/archives/19471) атты мақала жарияланып еді. Онда А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ І курс студенті Қолқанат Тоқтар ақпан айының 19 күні қызылшаға қарсы вакцина қабылдағаннан кейін өзін нашар сезіне бастағаны жазылған. Облыстық аурухананың инсульт бөлімшесінде жатқан науқасқа дәрігерлер «менингоэнц» (мидың қабынуы салдарынан жұлынға зақым келуі – автор) диагнозын қойғаны келтірілген. Бірақ бойжеткен мұндай диагнозбен келіспейтінін айтып, жағдайының әлсіреуіне екпе әсер етті деген-ді.
Дүйсенбі күні облыстық ауруханада Қолқанаттың әкесі Баймұрат Ахметбековке жолыққанымызда, қызының денсаулығына алаңдайтынын жеткізді. Ол дәрігерлер қойған диагнозбен келіспеймін деп отыр:
– Адамға мұндай вакцинаны саларда, дәрігерлер алдымен оның денсаулығына кері әсерінің бар-жоғын тексеріп алу керек қой. Ал университеттің медицина қызметкерлері ондай шара жасамастан, екпені сала салған. Енді қызым мұнда емделіп жатыр, ал оқу орнының басшылығынан бірде-бір жан оның халін сұрауға жарамады. Мен ҚМУ ректорына кіріп, болып жатқан оқиғаны түсіндірдім. Ол жағдайдан хабардар екенін айтты. Мені алаңдататыны – қызыма диагноз қате қойылып, соның кесірінен қазіргі қабылдап жатқан дәрі-дәрмек кері әсерін тигізе ме деген ой. Енді құзырлы орындар осы жағдайды жіті тексеріп, екпеге қолданылған вакцинаның сапасын анықтап берсе деген өтінішім бар.
Біз Қолқанатты емдеуге нақты қандай шаралардың қолға алынып жатқанын, оған қойылған диагноздың анық-қаныған білмекке облыстық аурухана басшылығына кірдік. Бас дәрігердің өзі тілшілерді қабылдаған жоқ. Тек науқасты емдеп жүрген барлық дәрігер-мамандарды жинап алып, Қолқанаттың ата-анасымен бірге біраз уақыт әңгіме жүргізді. Аздан кейін ауруханаға аталған мәселеге түсінік беру үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлшат Байжұманова жетті:
– Әзірге диагноз жөнінде нақты ештеңе айта алмаймыз. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ұлттық иммундау күнін белгілеу туралы бұйрық бекітіп, соған орай біздің облысымызда 16-28 ақпан аралығы екпе жасау шарасын бастадық. Қызылорда облысынан 36 мың вакцина әкелінді. Бұл іспен «СК-Фармация» айналысты. Ал енді Қолқанат Тоқтарға келсек, қыз бала ауырып қалған соң оған вакцина салынған. Одан кейін өзін нашар сезінсе де, дәрігерге дереу қаралмаған. Ауылға барып, жергілікті фельдшер жзып берген тұмауға қарсы дәрілерді қабылдап жата берген. Әулиекөлден облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түскен күннің ертеңінде есін жинады, мен өзім сол күні науқаспен әңгімелестім. Бұл екпеден бе, әлде дәріден аллергия болған ба, ол белгісіз. Дегенмен компьютерлік томография қорытындысы бойынша менингит белгілері жоқ. Ал бастапқыда екпе салған дәрігерлердің ісі қаншалықты заңды, оны анықтаймыз.
Гүлшат Байжұманова сондай-ақ, министрліктен келген бұйрыққа сәйкес 20 ақпанда вакцинаны тоқтаттық дейді. Себебі, қазір министрлік екпенің сапасына сараптама жүргізуде екен. Ал Қолқанат екпе алған университеттің медициналық орталығындағы екпе құрамына тексеруді денсаулық сақтау саласы жүргізе алмайды, ол үшін құзырлы органдардың ғана пәрмені керек.
Айтпақшы, осы мәселеге тілшілер араласқаннан кейін Қолқанат Тоқтар жатқан кереуеттегі диагноз да өзгеріп шыға келді – «менингоэнцтен» «фебрильная реакция» болып. Жалпы «менингоэнц» диагнозын кім қойғанын, қандай негізге сүйеніп қойғанын тексерудің құзырына қалдырдық.
Біз аталған мәселеге қатысты өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті мен прокуратураға оқиғаға қатысты тексеру жүргізуін сұрап, хаттар жолдадық.
Осы мақала дайындалу үстінде облыстық денсаулық сақтау басқармасынан ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің сайтынан (http://www.mzsr.gov.kz/kk/node/323632) алынған баспасөз хабарлама келді. Қысқаша қайырсақ, «2009 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Вакциналардың қауіпсіздігі жөніндегі ғаламдық консультативтік комитеті қызылшаға қарсы екпенің қауіпсіздігін растады. Қазақстанда иммундау шарасы үшін Үндістанның State Serum Institute компаниясынан сатып алынған қызылшаға қарсы моновалентті тірі екпе қауіпсіз және тиімді болып табылады. ДДҰ мәліметінше, бас айналу, талып қалу, бас ауыру сияқты тіркелген уақытша ауру белгілері иммундауға қатысты алаңдаушылық реакциясы болып табылады. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі және оның вакцинаға қатысы болмайды» дей келе, «Маңғыстау облысындағы зерттеу жұмыстары аяқталғанша иммундаудан кейін орын алған оқиғалардың себептері жөнінде ешқандай болжам айтуға болмайды. Қазақстан үкіметі қызылшаға қарсы екпе жүргізуді уақытша тоқтату туралы жауапты шешім қабылдады» болып жалғасады.
Былайша айтқанда, мамандар үндістандық вакцинаға шаң жуытпай отыр. Мәселенің мән-жайы туралы алдағы уақытта да назарымызда болады.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
егер осы диагноз вакцинадан болса не болар екен? кым жауапка тартылад? врачтар неге вакцинага шан жуытпай отыр екен?