Ауылды таңдаған жас маман
Диана Нұрманова Б.Майлин ауданында жұмыс істейді. Оқушы кезінен бастап би өнеріне жаны жақын болған. Аудан сахнасында өнер көрсетіп жүрді. Ал 2019 жылы «Қостанай педагогикалық колледжін» «Хореография» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқу орнын үздік аяқтаған Диана Қостанай қаласындағы үздік топтардың бірінің құрамында болды. Біршама жарыстарда жүлделі орындарды иемденген. Өмірін әрі қарай өнермен жалғастырғысы келген жас маман жеке хореограф болып жұмыс істеп те үлгерген. Биыл туған жеріне оралуға бел буыпты.
– Ауданым мен үшін өте қымбат. Себебі, осында туып-өстім, бойжеттім. Бала кезімнен осында өнер көрсеттім. Тұрғындардың ықыласына бөленіп жүрдім десем болады. Ал биыл «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауданыма оралдым. Осында қызмет етіп, шәкірттерімді биік белестерге шығарсам деген үмітім бар. Қазіргі таңда 7 мен 12 жас аралығында балаларды биге дайындап жүрмін,- дейді Диана.
Ол балаларға халық билерін үйретіп жүр. Әзірге олардың жастары кіші болғандықтан, оңай тәсілдерді қолдануда. Өзі де шығармашылығын дамытып жүрген жас маман шәкірттерімен талай шыңды бағындырарына сенеді.
Ж.Балғынбекұлы.