Нұралы Садуақасов: «ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕСПЕГЕН ӘКІМ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛАДЫ»
Сәрсенбінің сәтінде облыс әкімдігінің сегізінші қабатында аймақ басшысының қатысуымен, жергілікті билік өкілдерінің кеңейтілген жиналысы өтті. Аудан, қала басшылары мен басқарма жетекшілерінің басын біріктірген жиында әлеуметтік және еңбек келеңсіздіктерін болдырмау мәселесі қаралды.
Осы мәселеге кеңінен тоқталған облыстық еңбек инспекциясы басқармасының жетекшісі Максим Моргунов мырза өңірде орын алған кемшіліктерді тізбектеп берді. «Әлеуметтік жағдайды шиеленістірмеу мақсатында, облысымызда 2013 жылдан бері арнайы жобалар жүзеге асырылуда. Осыған қарамастан, жалақының уақытында берілмеуі, жұмыс орындарындағы қайғылы оқиғалар мен еңбек тәртібінің бұзылуы кейбір мекемелерді тығырыққа тіреген. Мәселен, соңғы бес айдың көлемінде өңірде 35 қайғылы жағдай орын алып, 37 жұмысшы зардап шекті, үшеуі қаза тапты. (Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 51 % төмендеді) Қайғылы оқиғалардың барлығы да қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдарынан, жұмыс берушінің я болмаса жұмысшының салғырттығынан болған. Осы тектес оқыс оқиғалардың жиі тіркелуі жұмысшылар арасында қобалжу тудыруы ықтимал,» – деді ол.
Әлеуметтік жағдайды шиеленістіретін тағы бір мәселе жұмысшылардың жалақыларын толық көлемде, уақытында алмауы. Қазіргі уақытта, Қостанай облысындағы жалақы қарызы 19,1 млн. теңгеге жетті. Лисаков қаласындағы «Алтын ұн» кәсіпорыны қызметкерлеріне 1,1 млн. теңге борышты. Жұмысшылардың жалақыларын қайтару мақсатында, кәсіпорынды банкрот деп жариялап, мүліктерін сату мәселесі көтерілді. Әзірге, оны алатын адам табылай тұр.
Жыл басынан бері Еңбек инспекциясына тұрғындардан еңбек құқығының бұзылуына байланысты мыңнан астам шағым түскен. Арыздардың басым бөлігі жалақыға қатысты болып шықты. Мекеме өкілдері мәселені түсіндіру жұмыстары арқылы шешуді жөн көріпті.
Мемлекеттік органдар мен әлеуметтік серіктестердің әлеуметтік және еңбек шиеленістерін болдырмау мәселесін көтерген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ерлан Жаулыбаев жиналғандарды біраз дүрбелеңге салды. Мекеме басшысының есебін бөлген облыс басшысы аудан, қала әкімдерін бірінен соң бірін көтеріп, мәселенің мәнісін сол арада білуге тырысты. Аймақ басшысын алаңдатқан әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асырылмауы. Мәселен, Қарасу, Алтынсарин аудандары мен Арқалық қалаларында жұмыссыздық деңгейі өте жоғары болып шықты. Арқалық әкімін орнынан тұрғызған Н.Садуқасов «Шағын қалаға қаржы молынан құйылып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалардың басым бөлігі шағын қалаларды дамытуға бағытталған. Бұдан өзге, субсидия, мазут алу үшін де қомақты қаржы бөлініп тұрады. Арқалықтағы өндіріс ошақтары да жанданып, жаңа кәсіпорындар ашылуда. Осыған қарамастан, сіздің жақта жұмыссыз жүргендер көп. Не бітіріп жүрсіздер?» деп сұрады. Мемлекеттік бағдарламаларға мән бермеген Науырзым, Қостанай, Сарыкөл аудандары мен Қостанай, Рудный қалаларының әкімдеріне ескерту жасалды.
– Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын қадағаламаған билік басшылары жауапқа тартылатын болады. Әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған жоспарлар дер кезінде аяқталатын болсын, деп қадап тапсырды аймақ басшысы.
Жиынның екінші бөлігінде мемлекеттік қызмет көрсету мәселесі талқыланды. Мұнда облыс әкімі аппаратының жетекшісі Арман Әбенов пен ХҚКО директоры Е.Жұмабайдың баяндамалары тыңдалды. Осыдан кейін, дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі С.Матвиенко облыстық спартакиадаға әзірлік мәселесін сөз қылды.
Жұматай Кәкімжанов
Арқалықтың әкімі не деп жауап берді облыс басшысының сұрағына?