Берекетті Мәуліт мерекесі
Жаһандағы мұсылман жұрағатының мәнді мерекесіне айналған, қуаныш пен шаттықтың күні болған «Мәуліт» – Пайғамбарлардың соңғысы және ең үстемі Мұхаммед (с.ғ.с) туған күні. Талай толғаулы уақыттан бері жыл сайын тойланып жүрген мерекені Қостанай өлкесі де тыс қалдырған жоқ.
Бүлдіршіннен бастап, кәрі құлақ қариялар, аймақ басшылары мен дін қызметкерлері, кембағал жандар, сауда-саттық жасаушылар һәм білім адамдары «Мирас» мәдениет сарайында бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесіп, көңбиік көңілдерін тұтастырып, бір-бірімен тонның ішкі бауындай біте қайнасқан күн болды. Мәулітке көппен бірге ұлықтауға келгендердің арасында, әсіресе, жастардың қарасы қалың.
Бұл мәжілістің басты мақсаты — Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру.
Шараны көкшетаулық арқалы ақын Арман Бердалин жүргізді. Әуелі, аруақтарға бағышталып құран оқытылды.
Екі дүниенің сардары, Алла елшісін (с.ғ.с.) дәріптеген мерекеге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет келіп, халыққа өз құттықтауы мен мағыналы уағызын жеткізді.
– Осындай жақсы заманда, әрбір пенденің Хақ Құдайды танып, имандылығын паш етуге бар жағдай жасалған кезеңде өмір сүріп жатқанымызға Аллаға сансыз шүкіріміз болсын! «Тәуба» дейміз, бұл жақсы күндерге халқымыз оңай жеткен жоқ. Сондықтан, бізге мұндай нығметті қастерлеп, келер ұрпаққа ешбір шашау шығармай жеткізу басты мұрат болары сөзсіз. Осы ретте халықты береке-бірлікке, діни сауаттылық пен имандылық ұстанымдарына шақыруға негізделген діни мерекелердің алар орны бір төбе дер едім. Бүгінгі ұлық мерекеге жиылған әр мұсылманның отбасына амандық тілеймін, адал қызметтеріңізді сауаптан жазсын, – деді бас имам.
Адамзаттың асыл тәжінің туған күні мерекесіне Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов та келді. Өз кезегінде шаһар басшысы айтулы мерекенің маңыздылығына тоқталып, жамағатқа облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің құттықтауын жеткізді.
Сарай сахнасында ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай да іліми оқиғаға толы уағыздар айтты.
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жамандық атаулы жер бетін жайлап алған қараңғылық дәуірінде дүниеге келді. Сол кезеңдегі санасы төмен, надан арабтардың азғынданғаны соншалықты, жас сәбилерді (қыздарды) тірідей жерге көметін. Кейбір тайпалардың дәстүрінде жалқыға тиісті, оның ішінде әйелдерге тән құндылықтар бәріне ортақ саналатын. Алланың Елшісі (с.ғ.с) осындай тұрпайы тобырдан адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған әділеттілікті, ар мен ұятты ұлықтаған, мейірімділік пен қайырымдылықты заңдылыққа айналдырған жерұйық қоғам жасады. Ол туралықты ту етіп ұстаған адамзат баласының ең асылы болатын. Оның өнегелі істерінің бір парасы – осы,- деді Кенжетай қажы Байкемелұлы.
Жас әнші Дінмұхаммед Бектұрсынұлы «Кешір, Алла!» әнін орындаса, термеші Қыдырбек Қиысқан «Шал ақынның өсиетін» нақышына келтірді.
Мәуліт мерекесін тойлау бағдарламасы «Теріс ағымның зардабы» атты ғибратты көрініспен жалғасты. Қазіргі қоғамда солақай көріністердің белең алып жатқаны белгілі. Өскелең ұрпақты имандылыққа бастайтын, ата-анаға деген махаббатты паш ететін тәрбиелік мәні зор көріністі әуесқой әртістер жақсы бейнеледі.
Алаштың ақтаңгері атанған Айбек Қалиев пен «Алтын домбыраның» иесі, қызылордалық Мұхтар Ниязовтың айтысымен шара шарықтау шегіне жетті. Имандылыққа толы тағылымды тәлімдер айта білген қос ақынға көрермендер ыстық ықыласын білдірді.
Қостанай облысының бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет мешітке, жалпы діни тәрбие беруде белсенділік танытып жүрген бірқатар азаматтарға алғыс хат, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков