Қызғалдақтар фестивалі өтті

15-17 мамыр аралығында Қостанайда «Айналдым сенен, Атамекенім» атты онлайн қызғалдақтар фестивалі өтті. Оның аясында онлайн режимінде аймақтық арнау жарысы, қоленршілер сайысы және хореографиялық байқау үздік өнерпаздарды анықтады.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы және "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы негізінде қолға алынған фестивальді облыстық Көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы ұйымдастырды. 
«Қызғалдақты құт мекен» ақындар байқауына Амангелді, Жангелдин, Науырзым, Қамысты, Әулиекөл аудандары мен Арқалық қаласының өнерпаздары қатысты. Олар арнау өлеңдерінің бейнежазбасын жолдаған. Туындылар орталықтың "инстаграм" желісіндегі парақшасына жарияланды. Қатысушыларға қазылық жасаған жергілікті ақын-жазушылардың шешімімен 1-орын жангелдиндік Фариза Бүркітбайға бұйырды, 2-орын арқалықтық Балғын Апбасханға, 3-орын амангелділік Балтасар Тұрысбекұлына берілді.
 «Өнерлінің қолы алтын» атты аймақтық қолөнершілер байқауы да онлайн форматында өтті. Ісмерлер сайысында І орынды  «Қызғалдақ гүлі» былғарысының авторы амангелділік Айдар Тұрысбек жеңіп алды. ІІ орын «Қазақ даласының ұлылығы» туындысы үшін арқалықтық Нұрай Іздібаеваға еншіленсе, ІІІ орынды «Наурызым қорығы» еңбегін жарысқа қосқан науырзымдық Гүлнұр Өтелбаева иеленді.
Ал «Қызғалдақтар биі» онлайн хореографиялық байқауы ерекше әсемдігімен көз тартып, көңіл баурады. Бишілер бейнесайысына Қостанай педагогикалық колледжінің хореографиялық бөлімінің меңгерушісі Салтанат Доспанова, «Костанайские зори» би ансамблінің солисі Қуаныш Жаркенов және «Magic jump» би ұжымының жетекшісі Ақбота Дүкенова төрешілік жасады. Қазылар бағалауы нәтижесінде Арқалықтан келген "Ақбота" би ансамблі жеңімпаз атанды. 2-орынға торғайлық "Ерке наз" би ұжымының өнері лайық деп танылды. Сондай-ақ, фестивальдің арнайы сыйлығы "Қызғалдақтай ерке қыз" биін шебер орындаған амангелділік Мөлдір Ғабдыбековаға берілді. Барлық байқаулардың жүлдегерлеріне диплом және ақшалай сыйлық  табыс етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы фестивальге бас-аяғы 60 өнерпаз қатысқан.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓