«Әні мен күйі үндескен»
Қаладағы облыстық қазақ жасөспірімдер театрында ҚР Мәдениет қайраткері, «Қазына» сыйлығының иегері, күйші, дирижер Б. Әбеновтің 65 жасқа толуына орай шығармашылық кеші болып өтті.
Атақты Баубек бақсының шәкірті болған әкесі Қазбектен басталған күйшілік өнер Әбеновтер әулетінің ұрпақ жалғастығы. Әке мұрасын қастерлеп, халықтың құдіретті өнерін жанына серік еткен, белгілі өнер иесі Бораш Қазбекұлы негізін қалаған Арқалықтың ұлт – аспаптар оркестрі, Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінде сан жылдар бойы ұрпақтар сабақтастығын үзбей, халықаралық талай байқауларда топ жарып келеді. Өнердің сан қырынан көрініп, үздік орындаушылық шеберліктерімен көзге түсіп жүрген шәкірттері: Р. Хасенова, Ә. Ақан, Ы. Есжанов, Б. Рақымжановалар ұстаз мерейі. Кеште қазақ ұлт – аспаптар ансамбілі, қазақ ұлт – аспаптар оркестрі халық шығармашылығынан, дәулескер күйшілердің тамаша туындыларын нәшіне келтіре орындады. Кеш иесі шәкірттерімен бірге күй тартты. Қобызда жеке ойнап, тыңдармандарын хас өнердің тұма тұнығынан сусындатты. «Елдің атын ер шығарады» – дейді дана халқымыз. Өскелең ұрпақтың бойына халық музыкасын сіңіріп, ұлттық өнерді насихаттауда аянбай еңбек етіп келе жатқан арқалы өнер иесіне қала әкімі Ғ. Бекмұхамбетов алғыс хат тапсырып, иығына шапан жапты.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы