“Бүлдіршін ару – 2014”
Қаладағы облыстық қазақ жасөспірімдер театры жыл сайын Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластыра "Бүлдіршін ару" байқауын өткізеді. Оның негізін қалаушы ҚР Мәдениет қайраткері О. Мұқатова.
Биыл байқаудың 13 мүшелі аталып өтілді. Мерейтойға тағылымды шараның алғашқы қатысушылары шақырылып, құрметті қонақ болды. Бұл жолы кішкентай арулар жарысына 15 бүлдіршін қатысып, бақтарын сынады. Олар байқау талабына сай ұлттық киім үлгісі, өзін таныстыру, өз өнерін көрсету, авангардтық киім үлгісі, сурет салу, кешкі киім үлгісі түрлерінен өзара сынға түсті. Балалар шеттерінен өнерлі екен. Ән айтып, би билегенде танымал жұлдыздардай сахнаны еркін меңгеріп, жаңылысып, тосылмай бір демде өнер көрсетті. Өнерлері бірінен бірі асқан бүлдіршіндердің барлығына бірдей сый – сияпат жасалып, "Әнші ару", "Биші ару", "Сәнқой ару" сынды жүлделер тағайындалды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы