Діни сауат ашу курсы ашылды
Қостанай қалалық мешітінде діни сауат ашу курсының ашылды. Бұл игі бастама бір жағынан, діни білімге жол ашса, екіншіден, жастардың дәстүрлі емес, өзге де жат ағымдар жайлы түсінігін қалыптастырады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысының өкіл имамы Бақытбек Тәжімбет курстың екі айға созылатындығын айтты. Облыстың әр ауданынан бір топ жастар жиылды. Оларға барлық жағдай жасалған: оқу тегін, күніге үш мезгіл тамақ және түрлі оқулықтар беріледі.
Қалалық мешіттің бас имамы Шоқан қажы Әмірхан оқу бағдарламасымен таныстырып, келушілерге әдеп, білім, Ислам құндылықтары туралы біраз мәліметтермен таныстырды. Алдағы уақытта екі ай бойы мешіт жамағатын иман нұрымен сусындатып, балаларды имандылыққа тәрбиелеу мақсатында Құран әліппесі, имандылық теориялары, Ислам әдебі, Ислам дінінің бастапқы алғышарттары оқытылатынын атап өтті.
– Қазақстанда діни оқу-ағарту жұмыстары енді қолға алынып келеді. Бұл сауат ашу курсы елдімекендердегі имамдарымыздың білімін арттыруға да септігін тигізеді. Араб тілінен дәріс жүргізіледі. Мұның барлығы Алла Тағаланың асыл дінін, оның құндылығын жастарға насихаттау үшін қолға алынған. Бастама бойынша, әуелі, он адам діни курстан өтеді, – деді Шоқан қажы Әмірхан.
Шара соңында Мақсұтхан Шүленұлы ақсақал сөз алып: "Мешіт қызметкерлерінің дін жолындағы атқарып жатқан бастамасына береке, облыс тұрғындарына Алла айнымас иман, қайырлы білім нәсіп етсін!" – деп батасын берді.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ