Үздік тәртіп сақшылары марапатталды
Бүгін Қазақстан полициясының құрылғанына 23 жыл. Қоғамдық тыныштықтың сақшылары күндіз-түні заң бұзушылықтың жолын кесіп, қылмыскерлерді құрықтаудан тыным тапқан емес. Қостанай облысы бойынша ІІД кәсіби мерекеге орай салтанатты жиын өтті. Полиция қызметкерлерін төл мерекелерімен облыс әкімі Нұралы Садуақасов құттықтады.
– Жыл сайын полицияның жеке құрамына 6,5 млрд.теңге көлемінде қаржы бөлінеді. 100 бірлік автокөлік алынып, бейне бақылау камераларының саны артты. Өткен жылы Рудный қаласында шаһардың тыныс-тіршілігін камералар арқылы бақылау үшін жедел басқару орталығы ашылды. Қазір облыс орталығында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Яғни Елбасының қоғамдық тәртіпті сақтау тапсырмасын орындауға барлық жағдай жасалған. Әлі де жасалады. Сіздерге заңдылықтың сақталуы жолындағы ауыр қызметтеріңізге төзімділік тілеймін. Халықтың сеніміне ие болу бұл үлкен мәртебе, әрі жетістік, – деді облыс әкімі Нұралы Садуақасов.
Құр алақан келмеген өңір басшысы 6 полиция қызметкерін өз атынан мараматтады.
Мемлекеттік қызметкерлер күнімен облыс әкімін құттықтаған департамент басшысы Нұралы Садуақасовқа да сыйлық жасады. Марапаттар мен сыйлықтар мұнымен шектелген жоқ. Қазақстан ІІМ ардагерлер кеңесінің атынан 2 полиция ардагері «ІІМ құрметті ардагері» төс белгісін иеленді. Тағы екеуі алғыс хатпен марапатталды. Ішкі істер министрі атынан қала әкімі Ахметбек Ахметжанов құрмет грамотасын алды. Төл мерекеде 2 тәртіп сақшысы мерзімінен бұрын жоғары шенге ие болды. Салтанатты жиында қызметтегі жетістіктері үшін үздік тәртіп сақшыларына министрдің құрмет грамотасы, «Ішкі істер органының үздігі» төс белгілері және грамота мен алғыс хаттар табыс етілді. Мерекелік іс-шарада жиналғандар қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алды. Рухтарына тағзым етіліп, бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Қоғамдық тәртіп күзетінде тұрған полицейлер бүгінде салтанат киімдерін киіп, сахна төрінде ән шырқап, би биледі.
Мерекелік концерт жеке құрам күшімен ұйымдастырылды.
Махаббат Бекбай
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков