Соққы соқыр еткен
Рудный қалалық сотында қанқұйлы төбелес туралы қылмыстық іс қаралуда. Айқас салдарынан бір көзінің мүлдем көрмей қалғанын айтып шағымданған 55 жастағы мүгедек жәбірленуші сот үкімінің пайдасына шешілгенін тосуда.
Айыпталушы – 22 жастағы Николай Семиниченко ҚР ҚК-нің 106-бабы (денсаулыққа қасақана залал тигізу) бойынша күдікке ілінген.
Іс материалдарына сүйенсек, оқиға 2016 жылдың 23 қазанында Автовокзал ауданындағы №10 үйдің ауласында болған. Екеуара кикілжің кезінде Семиниченко 55 жастағы Илья Доркиннің басына екі мәрте ауыр соққы жасаған. Жәбірленуші ауыр дәрежелі ашық бассүйек-ми жарақатын алған, сондай-ақ, ұзын құлақтың айтуынша, оның оң жақ көзі көру мүмкіндігінен айырылған-мыс. Ол жан сақтау бөлімінде төрт тәулік бойы ес-түссіз жатыпты.
Сот отырысы барысында айыпталушыдан да, жәбірленушіден де сұрау алынды. Бұған қоса, төбелес кезінде үй ауласында тұрған жәбірленушінің әріптесінің көлігіндегі бейнетіркегіш қондырғыға басылып қалған таспа көрсетілді. Куәгерлер де тергелді. Алайда, әзірге, сот сотқардың соққысынан соқыр болып қалған Доркиннің арызын қарауды кейінге ысырды. Келесі отырыс 23 қаңтарда болмақ.