Есеп-қисап
Бісімілла, рахман-рахим!
"Мадақ айтып бас иеміз Жаратушы Аллаға,
Рақымы мол, мейірімі шексіз сол ғана,
Қиямет-қайымның жалғыз әміршісі де сол ғана…"
Есеп-қисап – он сегіз мың ғаламды жаратқан Алланың есебі. Күн мен Ай да белгілі есеппен айналады, Жер де белгілі есеппен қозғалады. Пенденің бес парыздан бастап қырық парызға дейінгі өлшеу-лі өмірі де есеп. Адамның барлық ғұмыры есепке негізделген. Құранда: "Кiм бiр жақсылықпен келсе, оған сондай он есе сый беріледі. Кім бiр жамандық iстесе, сондай жазасын алады" және "Қиямет күнi әділет таразысын орнатамыз. Сонда ешкiм әдiлетсiздiкке ұшырамайды", – деп тайға таңба бас-қандай анық көрсетілген. Мына фәни-жалған есепке құрылса, қым-қиғаш есептің шешімін тапқандар алдынан жәннат қақпасы ашылмақ, таба алмағандар тозаққа тап болмақ. Есеп-қисап мұсылманның жасаған амалдарына байланысты. Әрбiр пенде iстеген амалына қарай есеп береді, соған қарай сый немесе жазасын алады.
Құран кәрімнің өзі бірыңғай есепке құрылғаны белгілі. Құран 30 парадан, 114 сүреден, 6666 аяттан тұрады. Москвада жарық көрген Крачковский аудармасындағы түсіндірмеде Құран 6236 аяттан тұрады деген. "Ислам әліппесінде" (Алматы, 2000 жыл, 48 бетте) аяттар 6323, ал осы кітаптың орыс тіліндегі нұсқасында (180 бетте) 6232 деп көрсетіліпті. Москвадан жарық көрген қазақ тіліндегі "Құран" нұсқасына берілген түсініктерде аят саны Басыра көшірмесінде 6204, Куфа, Үнді, т.б, көшірмелерде 6236 болғаны айтылады. Қалай болса да, Құран сүрелері мен аяттары керемет есепке құрылған.
Құранда егер отыз пара болса,
Мекке мен Мәдинадай қала болса,
Оразаның күні де отызға тең,
Отыз күн әр ай сайын жаңаланса. 30
Алты мың алты жүз алпыс алты аят болса, 6666
Қосқанда жиырма төртке таяп тұрса, 6 + 6 + 6 + 6
Алланың есебінің қатесі жоқ, =
"Әмин!" – деп барлық сүре аяқталса. 24
Құранда тек жүз он төрт сүре болса, 114
Қосқанда алты екенін білер болсаң, 1 + 1 + 4
Оның да қосындысы бұзылмай ма =
Санатқа басқа сандар кіре қалса. 6
Алтыға алты қосса – күн емес пе, 6 + 6
Алтыға алты қосса – түн емес пе, 6 + 6
Он екі және он екі – тәулік болса, 12 + 12
Күн мен түн тәуліктегі бір емес пе?! 24
Пенденің болғанымен зор талабы, +
Есептен жаңылғанды дерт алады. _
Қосу мен Алу, Бөлу, Көбейту де – :
Алланың ойлап тапқан төрт амалы. ><
Төрт амал қияметте де алдыңыздан шығары хақ. "Алғанға алтау да аз, бергенге бесеу де көп" деген қазақы ұғым ол жерде жүрмейді. Алсаңыз, қажетіңізге ғана алыңыз. Берсеңіз, кедей-кепшікке, жетім-жесірге, ізгілік жолына беріңіз. Бөлсеңіз, туған-туыс, жолдас-жора ырза болатындай етіп тең бөліңіз. Көбейтсеңіз, Алланың ырзашылығы, елдің ырыздығы үшін көбейтіңіз.
Сонымен, төрт құбыламызды түгендейтін болсақ, дүнияны ұстап тұрған төрт амал екен.
Ақиқаттың ауыр жүгін арқалар
Әлемдегі ең мықты амал – төрт амал.
Жүзеге аспай қалса өмірде төрт амал,
Жердің жүзін топан басып, өрт алар.
Алу, бөлу, қосу және көбейту –
Адамзатты алуан күйге бөлейтін.
Бірін алып, бірін бөліп, жамандап,
Кейбіреулер күн көреді амалдап.
Сол төрт амал жылатар не күлдірер,
Амалының артықтығын білдірер.
Бірақ, ылғи ала берсең, не қалар?
Телегей су болса-дағы, суалар.
Бөле берсең, іргең бір күн сөгілер,
Бөлінгенді талап алар бөрілер.
Қоса білсең, ырысың да қосылар,
Бағың тасып, дәулетіңді асырар.
Көбейткеннен кеңейеді өрісің,
Соның бәрін жаса туған ел үшін.
Төрт амалдың орындасаң барлығын,
Саған алғыс айтары анық алғы күн.
Екпініңді тоқтата алмас бар қамал,
Төрт аяғың тең болсын тек, төрт амал!
Тоссын алдан талай өмір сынағы,
Ешкім Бірге қоя алмайды кінәні.
Бір дегенді Бір Алла деп таныған
Мұсылманның қолындағы Құраны.
Абайдың: "Единица болмаса – не болады өнкей нөл" деген өлеңі де еске жиі түсе береді. Шындығында біздің бастапқы бірлігіміз де, қазіргі тірлігіміз де бір және нөл сандарымен тығыз байланысты. Қазақ үшін барлық сан да қасиетті, алайда, бірліктің өзін бірден бастаған аталарымыз осы санның атау-ын еркек мағынасында қолданған тәрізді. Ал нөл әйел деген ұғымды білдіреді. Яғни, бір бастап, нөл қоштап, екеуі біріксе ғана сан көбейеді. Бұдан әйелдің қоғамдағы орны төмен деген ұғым тумайды. Керісіңше, нөл болмаса, алдыңғы санға нөл қосылмаса, алғашқы тоғыз онға жеткеннен кейінгі ешбір сан санға саналмайды, санатқа жатпайды. Нөл қосылмаса Бірдің де бағы жанбайды.
Он дегеніміз санмен 10 деп белгіленсе, нөлді алға қойсақ – 01, яғни, единицаның алдына нөлдің шығуы – өзеннің теріс аққанымен бірдей. Жүз бен мыңның, миллион мен миллиардтың да көш басында бірлік тұрады. Бұл – бұлжымайтын заң. Ендеше осы заңды бұзғысы келіп жүргендер немесе шама-шарқы келгенше бұзып жүргендер өмірдің өзегін бұрмалаушылар, бір мен нөлдің бағасын білмей, жөнсіз қудалаушылар.
Қазақтың "жүз жылдық күйеу, мың жылдық құда" деген сөзінің мәнісіне көз жіберсек, аралас-құраласқан 10-ға тағы бір нөл қосылса 100 (жүз) шығады, оған екі нөл қосылса 1000 (мың) шығады. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" дегенде де нөлдер озбайды, тек 1 (бір) ғана озады. Қой бастайтын көсем серке де Бір. Сондықтан да санды он деп санасақ та, ойда нөл тұруы керек. Барлық санды тек қана санатта бар сандар емес, көбінесе жоқ деп есептелетін, шындығында бар нөл ретке кел-тіруі керек. Өйткені,Алланың жаратуы солай.
Ал күнде айтылатын азанға келсек, Біріккен Араб Эмираттарының математик ғалымдары Жер бетін-де азан тәулігіне 24 сағат, яғни 1440 минут айтылып тұратынын дәлелдеді. Бұл туралы араб ғалымы Абдул Хамид аль-Фадиль "Аль-ваи аль-ислями" журналында хабарлады. Біздің планетамыз 360 уақыт меридианына бөлінген. Бұл меридиандардың әрқайсысын екіншісінен тура 4 минут бөліп тұрады. Азан да 4 минут айтылады.Сонымен айтылған азан бір меридианда аяқтала сала екінші-сінде басталып жатады. Осылайша азан дауысы Жер бетінен үзілмейді.
Ислам дінінің тілдің ұшында тұрған үш сатысы: Ислам.Иман.Ихсан. Ал Мысыр еліндегі әйгілі пирамидалардың өзін математикалық формуламен белгілесек: (3 + 3 + 3 + 3 = 12) деген сан шығады. Пирамиданың өзі – жылтізбе, әр үшбұрыш – бір мезгіл, яғни, жылдың төрт мезгілі, көктем, жаз, күз және қыс.
Інжілде Исаны сатып кететін құпия кеңесте он үш апостол жиналғаны айтылады.Он үшінші апостол Иуда опасыз болып шығады. Шығыс Рим империясының астанасы Константинополь, бүгінгі Ыстамбұл Осман әулетінен шыққан Сұлтан Мұхаммед Фатиһтың (Жеңімпаз) қалың қолымен жауланып, он үші күні алынды. Ыстамбұлдың негізі Ислам бол деген мағынаны береді. Сондықтан да діні басқалар он үш санын ұнатпайды. Он үш санын санаттан шығарғандар қазақтың мүшел туралы ұғымын да түсінбейді. Шындығында он үш деген – туған айдың бір күні. Он үш санын жамандыққа жору Жаратқанға, жар болғанға қарсылық.
Атақты ғалым Исаак Ньютон: "Құдай бәрін сан, салмақ және өлшем бойынша жаратты" – деген екен. Араб ғалымы Рашад Халифа 1983 жылы Бейрутта жарық көрген "Қасиетті Құранның ғажайыптары" деген кітабында Алланың жолдауы деп есептелетін Құраннан көптеген математикалық айғақтар тапқаны туралы жазған. Ол компьютердің көмегімен Құран мәтініндегі сандық заңдылықтарды математикалық талдау арқылы ашқан.
Арабтың "Алиф" деген әріп таңбасының өзі бір (1) деген санды білдіреді. Қазақтардың "Әліпті таяқ деп білмейді" деген сөзін еске алыңыз. Әліптің өзі таяқ пішіндес болса, бір санның кейпін көрсетеді ғой. Әліп, ләм, мимнің де мағынасы Бір Аллаға ғана аян. Бабаларымыздың: "әліптің артын бағайық, ләм-мим демеді" деген сөздерінде де үлкен мағына бар. Сондықтан да санға мұқият болыңыз, санда бар, санатта жоқ болып қалмау үшін Құран қағидаларына жүгініңіз!
Ақылбек Шаяхмет