Балалық шақтың қызығы не?
Таңертеңгі түгендеу. Генерал С.Бәкіров атындағы жазғы лагердің демалушылары – Қостанай облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері сап түзеп тұр. Олар бүгін футболшы құрбыларына қошемет көрсетуде. Жақында Алматы қаласында балалар үйінің тәрбиеленушілері арасындағы футболдан республикалық турнир өткен еді. Тобыл өңірінің жас футболшылары 5-ші орынды еншілеп қайтты. Қостанайдың намысын қорғаған команданың капитаны – Серік Көкенов. Жас жеткіншек алты жастан бері осында тәрбиеленуде. Төрт ағайынды баланың ата-анасы ішімдікке салынып кеткен. Ал, басқа туыстарының бұл балаларға қарағысы жоқ. 12 жасар Серік Алматы қаласындағы сапарынан ерекше әсер алып қайтыпты.
Серікпен тағдырлас мұнда 130-дан астам бала демалып жатыр. Ал, 20 балғын туыс-туғандарымен бірге жазғы демалысын өткізбек.Биылдан бастап осындай жаңашылдық енгізілген. Төрт жақты келісім-шарт жасасу, тұрмыстық жағдайдың оңды болуы туыстарға қойылатын басты талап, – дейді Қостанай облыстық балалар үйі директорының орынбасары Күләш Хасанова.
Жазғы демалысқа ертеректен дайындалған тәрбиешілер балғындардың әр күндерінің ерекше өтуіне арнайы жоспар дайындаған. Онда жас ерекшеліктері мен олардың тілектері ескерілген. Сөйтіп, жетімдер және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдер табиғат аясында асыр салып ойнап қана қоймай, мектептегі білімдерін одан әрі ұштамақ. Тәрбие сабақтарында Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы және де Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тақырыптары назардан тыс қалған емес.
Спорттық жарыстармен қоса, осындағы медбикелер мен биолог мамандармен балалар емдік шөптерді тереді. Одан асқазанға емдік әсер ететін шай әзірлеп, пайдаланады. Суда малтып, дене шынықтыру үшін де мүмкіндік туды. Аталмыш лагерьде биыл қауыз іске қосылды. Балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына барлық жағдай жасалды десек, артық айтқандық емес.
Жалпы, Тобыл өңіріндегі тағдыр тауқыметіне ұшыраған балалар «Мерей», «Лесная сказка», «Алтын гүл» лагерлерінде жазғы демалыстарын өткізетін болады. Сонымен қатар, республикалық «Балдәурен» лагерінде Рудный қаласындағы балалар үйінің 15 тәрбиеленушісі тынығып келмек.
Облыс бойынша 9 мемлекеттік және 5 жекеменшік лагерь бар. Балғындарын табиғат аясында демалуға жіберем деушілерге таңдау кең. Тұрмысы төмен, көп балалы отбасыдан шыққан және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ жетімдер лагерлерде тегін демалады. Оқуда озат немесе спорттық жарыстарға қатысатын балғындар республикалық «Балдәурен» лагеріне жолдама алады. Сонымен қоса, қалаларда 71 қосымша білім беру ұйымдары бар. Бұл – аула клубтары мен оқушылар орталықтары. Мұнда да жас жеткіншектердің жазғы демалысты әсерлі өткізуге барлық жағдай жасалған. Әулиекөл, Наурызым, Меңдіқара аудандарында күркедегі лагерь ұйымдастырылған. Экология мен биологияға жаны жақын оқушылар орманға шығып, табиғат сырын зерттеумен айналысады.
Қостанай облыстық әкімдігінің білім беру басқармасының бөлім басшысы Светлана Морозенко қиын балаларды баса назарда ұстау қолға алынды дейді. Бүгінгі күні, облыс бойынша, тәртібі нашар 1672 кәмелеттік жасқа жетпегендер тіркеуге алынған. Мектептерде әрбір балаға тәлімгер, мұғалімдер бекітілген. Олар жасөспірімнің жазғы демалысын қайда, қалай өткізіп жатқанын бақылауда ұстайды.
Махаббат Бекбай
Суретті түсірген: Бағдат Ахметбеков