Облыс әкімі ақ желеңді абзал жандарды құттықтады
Маусым айының үшінші жексенбісі – Медицина қызметкерлерінің күні. Облыс әкімі Нұралы Садуақасов осы саланың қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады. Олардың халық алдындағы жауапты еңбектері үшін алғыс айтты. Адам денсаулығы – қоғамның басты байлығы десек, тұрғындардың саулығын сақтауда күндіз-түні тынымсыз еңбек ететін дәрігерлердің рөлі әрдайым ерек. Жылы сөзімен, шипалы ем-домымен науқас жанды ажал тырнағынан алып қалып, екінші өмір сыйлап жататын өз мамандығының адал қызметшілері қандай құрметке болса да лайықты.
«Еңбек – адамның көркі, адам – заманының көркі» дегендей, денсаулық сақтау саласында аянбай тер төгіп, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, халықтың жылы ықыласы мен алғысына бөленіп келе жатқан бір топ медицина қызметкерлері мереке қарсаңында біраз марапаттарға ие болды.
Арқалық перзентханасының қызметкері Фаина Молдашева, облыстық аурухананың хирург дәрігері Сергей Мановицкий, облыстық патологиялық анатомия бюросының дәрігері Наталья Дулина Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, облысымызға еңбегі сіңген бірқатар дәрігерлер «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінін үздігі» төсбелгісін тағынды. Және тағы да үш тәжірибелі маман «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен үш дәрігер марапатталды.
Қасқырбай Қойшыманов
Суретті түсірген Айбек Жүзбай