Республикалық байқаудың жеңімпазы атанды
Жақында ел ордасы – Астана қаласында ҚР мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен ХІV-республикалық «Елім менің» патриоттық әндер конкурсы қорытындыланды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам шығарма келіп түскен. Осы беделді байқауға Тұрғынбек Досмағамбетовтың сөзіне жазылған композитор Қалибек Деріпсалдиннің «Шексіз алғыс сіздерге» әні жүлделі екінші орынды жеңіп алды.
-Жалпы, мен бұған дейін бірқатар әндерге мәтін жазғанмын. Бірақ, республикалық байқауға тұңғыш рет қатыстым. Жүлделі орынға ілігемін деп әсте ойлаған жоқпын. Негізі, бұл жетім балаларға арналып жазылған өлеңім еді. Қалибек інім қатырып тұрып ән жазып берді. Енді көрмейсіздер ме, атымыз бәйгенің алдынан көрінді. Мен үшін үлкен қуаныш,-дейді жергілікті ақын Тұрғын қажы Досмағамбетов..
Айта кетейік, бұл дәстүрлі байқау осымен 14-рет өткізіліп отыр. Соның алтауында Қалибек Деріпсалдин жеңімпаз деп танылса, Тұрғын Досмағамбетовтың шығармасы ә дегеннен үздіктер қатарынан аталды. Әнді Астана қаласындағы музыка мектебінің «Айналайын» балалар хоры орындады. Оның көркемдік жетекшісі Гүлмира Жангелдіқызы.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.