Мемлекеттік қызметшілер футбол ойнады
23-маусым – мемлекеттік қызметшілер күні. Бұл мерекенің пайда болғанына көп уақыт болған жоқ. Соған қарамастан мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында жыл сайын мини-футболдан жарыс ұйымдастырып тұру тамаша дәстүрге айналған.
ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Қостанай облысы бойынша департаменті ұйымдастырған турнирге барлық аудан-қала әкімдіктері мен облыстық басқарма-департаменттерден ұзын саны 23 команда қатысты. Олар 5 топқа бөлініп қаламыздың «Аят» және «Олимп» спорт кешендерінде сынға түсті.
Биылғы турнирдің кеншілер қаласында өтуі кездейсоқ емес. Себебі, жарыста жеңімпаз атанған команда ғана келесі жылы спортшыларды өз алаңында қабылдау құрметіне ие болмақ. Айта кетерлігі, Рудный әкімдігінің командасы Наурызым, Қарасу, Сарыкөл мен Аманкелділік әріптестерімен бірге бір топта өнер көрсетті.
-Департамент жұмысының басты бағыттарының бірі -мемлекеттік қызметшілердің беделін көтеріп, халыққа мүлтіксіз қызмет ету. Биылғы турнирге 300-ге жуық мемлекеттік қызметшінің қатысуы оның жоғары деңгейде өткіп жатқанының дәлелі, – дейді департаменттің басқарма басшысы Әсет Доскенов.
Бүгінде жарыстың жүлдегерлері белгілі. 3-ші орында Қостанай облысының мемлекеттік кірістер департаментінің ойыншылары жайғасты. 2-ші орын Қостанай қаласының әкімдігіне бұйырса, Рудныйлық футболшылар екінші жыл қатарынан турнирдің жеңімпазы атанып отыр.
Айта кетерлігі, кәсіби мереке қарсаңында мини-футболдан бөлек спорттық эстафета, волейбол, шахмат турнирі, «Қостанай облысының үздік мемлекеттік қызметшісі» конкурсы сияқты шараларды өткізу жоспарланып отыр.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ