Жол ақысы 10-20 теңгеге өсуі мүмкін
Жолаушылар тасымалымен айналысатын қостанайлық компаниялардың басшылары өз тарифтерін көтеру туралы өтініш білдірді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Қостанай қалалық әкімдігіндегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады. Облыс орталығы әкімдігінің бас инспекторы Самат Жанділдин бұл ақпаратты растады. Жанділдиннің мәлімдеуінше, тасымалдаушылар автобуспен жүру құнын қалаішілік маршруттарда 10-20 теңгеге көтермекші. «Тасымалдаушылардың айтуынша, қазіргі 60 теңгелік тариф автопарктің шығындарын өтемейді және дамуына мүмкіндік бермейді, – делінеді хабарламада. – Тарифтік өтінімдермен бірге тасымалдаушылардың талаптарына негізделген есептер қоса жіберілген».
Негізінен, қалалық көлік компанияларының иегерлері жанар-жағар май материалдары мен ескі автопарктердің қосалқы бөлшектері құнының көтерілуін сылтауратуда. Қалалық билік өтінімді бір айдың ішінде қарауы тиіс.