Опиоидік алмастыру терапиясы кімге тиімді?
Бүгін Қостанайда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің және БҰҰ-ның Нашақорлық және қылмыс жөніндегі басқармасыныӊ қолдауымен «Аман-саулық» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Қазақстан Республикасында есірткінің орнын басу терапиясын дамыту перспективалары» тақырыбында қоғамдық тыңдау болып өтті.
Іс-шараға денсаулық сақтау басқармаларының, облыстық ЖИТС орталықтарының, наркологиялық диспансерлердің, құқық қорғау органдарының жетекшілері, мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының, үкіметтік емес ұйымдардыӊ өкілдері, есірткіге тәуелді науқастар қатысты.
Есірткінің орнын басу терапиясы – тәуекел топтары арасында АИТВ/ЖИТС таралу қаупін төмендетуге мүмкіндік беретін нашақорлықты емдеудегі инновациялық әдіс. Бүгінгі таңда орнын басу терапиясы әлемнің 71 елінде қолданылады, ал Еуропа Одағы елдерінде 600 мыңнан астам науқас осы емді алады.
Қоғамдық тыңдауға қатысушылар орнын басу терапиясының артықшылықтары мен кемшіліктерін, сондай-ақ, оны елімізде дамыту перспективалары жөнінде талқылады. Жиында сөз алған «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова «Зиянды азайту» амалы адамның есірткіден толық бас тартуына көмектесудің маңызын жоққа шығармайды, дегенмен көптеген нашақорлар үшін ол мақсатқа жету тым ұзаққа созылып кететінін және вирустар, бірінші кезекте АИТВ және гепатиттің таралу, сондай-ақ өзге аурулардыӊ асқыну тәуекелі өте жоғары екенін мойындайды, дейді.
2008 жылы Қазақстанда метадонды пайдалану арқылы орнын басу терапиясының пилоттық жобалары басталып, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде орнын басу терапиясы бағдарламасы пилоттық режімде ауқымын кеңейтіп, еліміздің 10 қаласын қамтыды.
Шұға АҢСАҒАНҚЫЗЫ.