Семенов ауылында намазхана ашылды

Семенов елді мекені Қостанай ауданына қарасты Глазунов ауылдық округіне бағынады. Ұдайы ұйымшылдығымен, бастамашылдығымен назарға іліккен оймақтай ғана ауыл. Күні кеше жұртшылықтың бірлігімен ауыл ортасында намазхана ашылды. Округке қарасты ауылдардың бірінде де болмаған еді.20150618020604
Бұл бастаманың басы-қасында Семенов орта мектебінде 38 жыл ұстаздық еткен Кәмшат Керімбаева болыпты. Ауыл ортасында көптен жабулы тұрған клубты рухани игілікке жарату осы кісіні толғантқан ой болса керек. Қаңыраған ғимаратты намазханаға айналдыру туралы ұсынысын арқалап, жергілікті "Жасай" ЖШС директоры Жарас Қойшыбаевке барыпты. Кәсіпкер меншігіндегі нысанды тұтынысқа алуға рұқсат ететінін, бірақ басқалай ешқандай көмек көрсете алмайтынын жеткізіпті.20150618020612
«Оған да көндік,-дейді тәжірибелі ұстаз.-Кезекті еңбекақым қолыма тиісімен, өз бетіммен болашақ намазхананы әктеу, сырлау жұмыстарын бастап кеттім. Кейін осы жайттан хабардар болған тұрғындар бірінен соң бірі қасыма жиыла бастады. Бәрі мүмкіндіктерінше қажетті материалдарды үйлерінен тасыды.  Кім ақбалшық, кім сыр, кім перде, кілемдер әкеліп, аз да болса, қалталарынан ақша жырып… зор көмегін тигізді. Кем-кетіктерді жамауға дінге бүйрегі бұрған тұрғындардың әрқайсысы себесін болды. Өзге де жөндеу жұмыстарына Семенов орта мектебінің 11-сынып оқушылары бастан-аяқ қолқабыс етті».   
«Көп түкірсе – көл». Ешқандай арнайы құрылыс отрядынсыз, ешқандай қаржыландыру көзінсіз, ауыл тұрғындары өз күштерімен намазхана негізін қалап шықты. Жұдырықтай жұмылған жұртшылық бұл істі бір апта ішінде-ақ тәмамдапты. 17-сі күні ашылды. Осылайша, бұрын соңды болмаған намазхананың ашылуы семеновтықтарға Рамазан айы қарсаңында жасалған үлкен сыйлық болды. Керме жібі кесілген күні, ауыл жұрты құптанға жиналды. 
-Ең жүрекке медеу ұялатқаны – алғашқы күні-ақ жиылған жұрттың қатарында жастардың басым болғандығы. Дінге, ділге деген қызығушылы бар екенідіктерін байқадық. Қуандық,- дейді Кәмшат Керімбаева. – Болашақта осынау намазханамыз мешітке ұласса деген тілегіміз бар. Ол үшін де күш салатын боламыз».
 
Жандос Жүсіпбек

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓