Облыстық спартакиада Қостанай ауданында өтеді
Бұл туралы баспасөз конференциясында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Сергей Матвиенко жария етті. Журналистер қауымына осы төңірегінде кеңірек ақпарат берді. Спартакиаданың өткізілу мерзімі – 7-9 тамыз аралығы.
«Бұл дәстүрлі жарысқа спорттың 16 түрі енгізіліп отыр. Атап айтқанда, спортшылар доптық ойындар, күрес, жекпе-жек түрлері, ату сайсытары бойынша бақ сынасады,-дейді басқарма жетекшісі.- Бұған қоса, қазақтың ұлттық спорттары да бағдарламаға еніп отыр. Әртүрлі қашықтықтағы ат бәйгелері, аударыспақ, қыз қуу ойындарының да үздігі анықталмақ».
Жалпы, ұйымдастыру, қаржылық демеу жасау, спортшылардың қамын күйттеу турасындағы мәселелер де біржақты етіліп қойыпты. Шара өтетін алаңдар да сақадай сай. Шілденің аяғында комиссия соңғы тексеріс өткізеді. Бір сөзбен, көңілге күп ұялатар еш алаңдаушылық жоқ. Ал, спорт мерекесінің ашылу-жабылу салтанатын өткізу Қостанай ауданының міндетінде.
Баспасөз конференциясы соңында тілшілер, өңірдің спорттық ахуалын білмекке, көкейде жүрген сұрақтарын жолдады. Тиісінше, басқарма жетекшісі бүгінгі біткен істер мен ертеңгі күнге еншіленіп отырған жоспарларды ортаға салды.
Жандос Жүсіпбек