Жаңа бюджет бекітілді
Облыстық мәслихат депутаттары алдағы үш жылдың бюджетін бекітті. Келер жылы 163 млрд теңге жұмсалмақ.
Қарастырылған қаражаттың басым бөлігі ауыл шаруашылығын дамыту мен қолдауға бағытталады, яғни бұл мақсатқа 31,4 млрд теңге жұмсалмақ. ал 18,8 млрд теңге денсаулық сақтау саласына құйылады.
Инвестициялық бағдарламаларды іске асыруға 24,5 млрд теңге бөлу жоспарланды. Бұл соманың тең жартысы жобалауға шығындалады. Айталық, Юбилейный атты жаңа шағын ауданында бес, тоғыз және он қабатты үйлердің нобайын сызу көзделіп отыр. Бұған қоса, осы ауданда 1200 орындық мектеп құрылысын бастау жоспарлануда. Тағы да, облыс аумағындағы жиырма шақты ауылда су тартқыштар құрылысы мен жөндеу жұмыстарын жүргізудің жобасы әзірленеді. Мәселен, Денисов ауданындағы Алчанов және Антонов ауылдары, Федоров ауданының Федоров ауылын, Қарабалық ауданының Тоғызақ ауылын газбен қамту күтіледі. Облыс орталығында жеті көпқабатты үй салынады. 12 млрд теңгеге жуық қаржы жол жөндеуге жұмсалады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өз сөзінде Рудныйда, өзге қалаларда және аудандарда келер жылы жөндеу жұмыстары басталатынын айтты.