Қош келдің, қасиетті Рамазан!
Облыстық Достық үйінде осындай атаумен рухани-тағылымдық кеш өтті. Аймақтық Марал Ишан мешіті, Қажылар қауымдастығы, «Зекет» қоры мұрындық жасаған шара он екі айдың сұлтаны болған қасиетті ай алдында оразаға ниет еткен жамағатқа арналып отыр.
«Дін – қараңғы ін» деген идеологиямен өмір сүрген кеңестік билік жас ұрпақты Алла Тағаланы танудан алшақттаты. Дәл осы заманда хақ дініміз Исламды жоғары қойған, оны сүйіп жырлаған тұлғаларымыз аз емес. Алайда өткен қоғамның билігі дінімізді қанша тұншықтырғанмен, оны өшіре алмады. Хақ Ислам ұрпағымызға қайта оралды» дейді игі шараны ұйымдастырушылар.
– Рамазан – сабырдың, берекенің, ынтымақтың айы. Жаратушы Алла Тағала Рамазан айында тұтқан оразаның сауабының сансыз екенін жеткізді. Оқыған намазыңыз бар, басқа да игі амалдарыңыздың сауабын періштелер жазса, Алла үшін таң азаннан кеш батқанға дейін бойыңызды ас-судан тәрк етіп, жаман әдеттерден аулақ болып, игі істер жасаған оразаңызға жаратушымыз сауабын өзі береді. Қостанай еліміздің күн ең ұзақ шығып тұратын өңірі. Жаздың уақытында мұсылман жамағат 20 сағатқа дейін ауыз бекітеді. Осыны қиынсынбай, әр ниет еткен жамағат Алла алдында өз құлшылығын адал атқарса, соншама хайырлы сауаптарға кенелмек, – деді облыстық Марал Ишан мешітінің наиб-имамы Әбдіқаһар Ерматов.
Рухани кеште құттықтау сөз алған ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ақылбек Шаяхмет аузы дуалы бабаларымыздың дін хақында айтқан өсиеттері, нақылдарын оқып, жамағатқа жыр арнады. Облыстық дін істері басқармасының өкілі Сапарғали Әбдиев, өңірдегі орыс драма театры директорының орынбасары Александр Чернышов, орыс қауымдастығының өкілі Раиса Завгородная құттықтау лебіздерін білдірсе, өнерпаз қауым көрерменге ән-жыр арнады. Шара соңында ақсақалдар барша жиналғандарға ақ батасын беріп, айдан аман, жылдан есен оразаға жете беруіне тілектестік білдірді.
Айта кету керек, биылғы қасиетті айда ниет ететіндер 29 күн ауыз бекітеді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.