Өнер майталманын еске алды
Ә.Боранбаев атындағы кинотеатрда еліміздің мәдениетіне елеулі үлес қосқан алғашқы кәсіпқой музыканттардың бірі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Т.Елтебаевқа арналған "Есінде елдің Төкені" атты естелік кітаптың тұсауы кесілді.
"Қостанайполиграфия" ЖШС-нен 300 данамен басылып шыққан көрнекті кітапта артына өшпес із қалдырған мәңгілік ғұмыр иесінің өнері мен өмірі жайлы ел азаматтарының, ақын жазушылардың естеліктері топтастырыл-ған. Құрастырып, баспаға даярлаған балалары.
Төкен Сауытбайұлы (1936-1985) еңбек жолын Аманкелді аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып бастайды. Аудандағы халық оркестрінің іргесін қалаушы. Кейін белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың шақыртуымен Арқалық қаласына келіп, Торғай облыстық сазды драма театрының директоры, Торғай облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі, "Шертер" ансамблінің жетекшісі, Арқалық саз училищесінің алғашқы директоры қызметтерін абыроймен атқарады. Талай талантты жастың бағын ашқан азамат.
Кешті Молдатай Жапаров ақынға тән сергектікпен, әсерлі, жүйелі жүргізді. Тағылымды шараға тарихи тұлғаның көзін көрген, бірге қызметтес болған замандастары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Батыр атындағы ауданның азаматтары атақты күйші Айтбай Мұздаханов, ҚР Құрметті журналисі Хамитбек Мұсабаев, қажы Нәзібек Оспановтар және арқалықтық бір топ өнер тарландары естеліктер айтып, ақындар арнау жырларын оқыды. Мемлекеттік "Дарын" сыйлығының лауреаты Анар Мұздаханова әкесінің Төкен ағаға арнап шығар-ған "Аққайың" күйін орындап беріп, көпшілікті бір серпілтіп тастады. Жұбайы Күнжамал Тоқайқызы құрметпен төрден орын алды. Халық қалаулысына айналған перзенті, бұл күнде облыстық мұражайдың тізгінін ұстап отырған Гүлбану Төкенқызы ұлысын ұлықтаған елге алғысын білдірді.
Мұрат
ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.