Өндірісті өлкенің экономикасы тұрақты
Бүгін Жітіқара ауданының әкімі Мейрам Өтешов облыстық БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында мәлімет берді.
Соңғы жеті айдағы көрсеткіштер ауданның экономикалық тұрақтылығынан хабар береді. Өнеркәсіп өнімі 10 039,7 млн. теңгені құрады. Қазақстандағы бірегей асбест өндіруші зауыт осы өңірде. Жылма-жыл өнім ауқымын еселеп келеді. Әлемдегі 9 асбест зауытының бірі ретінде ішкі-сыртқы нарықтың сұранысын қанағаттандырып отыр. Алын, николь, молибден сынды металдар өндірісі де ірге кеңейте түскен. Таяу уақытта «Брендт» ЖШС және «Орион Минералс» ЖШС алтын өндіруші кәсіпорындардың қатарын толықтырмақ. Өңірлік Индустрияландыру картасына жалпы сомасы 10250 млн.теңгенің 3 жобасы қосылды. Екеуі іс барысында. 180 жаңа жұмыс орнының ашылуына ықпал болды. Ал, Индустрияландыру картасынан тыс 1354,6 млн. теңгенің алты жобаның тұсауы кесілген. Мұнда да екеуі іске кірісіп, 71 адамды жұмыспен қамтыды.
Жітіқарада ашылғалы отырған индустриалды аймақ туралы да сөз қозғады аудан әкімі. Бұл – өңірге инвестиция тартуға тың серпін беретін облыстағы бірегей жоба. Республикалық бюджеттен 280,8 млн. теңге, облыстық қазынадан 31,2 млн. теңге және аудан қаржы қамбасынан 20 млн. теңге бөлінген. Коммуникация тартылып, теміржол төселген 63 га жер телімінде сегіз кәсіпорын жұмыс істемек. Мейрам Өтешов мұнан соң нақ осындай тағы екінші аймақ ашуға кірісетіндіктерін айтты.
-Орақ жұмыстары да ойдағыша жүріп жатыр. Биылғы бидай шығымы аса бітік болмады. Гектарынан 6-7,5 центнер күтіліп отыр. Мұндай деңгейлі өнімді соңғы үш жылда алып келеміз. Себебін алқаптардың қысқартылғандығымен түсіндіруге болады,-деді аудан басшысы.
Ауданның әлеуметтік ахуалы, жалпы есеппен, көңіл көншітеді. Әсіресе, «Алғашқы қоңырауға» даярлық жақсы жасалғаны аңғарылады. Барлық мектеп оқушылары жүз пайызға оқулықтармен қамтылған. Есігін апатты күйде ашпақ оқу ошақтары жоқ. Тек кейбір ауылдық мектептерде маман жетіспеушілігі сезіледі. Атап айтқанда, химия, биология және ағылшын пәндеріне оқушылар қажет-ақ.
Брифингтің шарықтау шегінде тілшілер қауымы баяндалған жайттар төңірегінде сұрақтарын қойып, қос тілде де тұщымды жауаптар алды.
Жандос Жүсіпбек