1,5 жасар бала ішімдіктен уланды
Оқиға Қарабалық ауданының Славенка ауылында болды. 1,5 жастағы Аянбек Әлмағанбетов гараждың ішінен бір шөлмек шарап тауып алған. Ащы суға қызыққан балғын оны ішіп қояды. Үй шаруасымен жүрген анасы баласының шөлмекпен жүргенін көріп, үйіне кіргізеді. Нәрестесін ұйықтатпақ болғанымен, ол мазасыздана береді. Содан медициналық көмек шақыртылған. Дәрігерлер мастықтан есінен танып қалған бөбекті дереу ауруханаға жеткізген.
Қарабалық аудандық ауруханасының балалар бөлімінің педиатор дәрігері Любовь Корякина шарапқа уланған бүлдіршін ағзасынан алкогольді шығаратын ем жасалғанын айтады. Есін жиып, өз-өзіне келген бала дін аман. Егер мұндай келеңсіздік тағы да қайталанатын болса, баланың дамып өсуіне, денсаулығына зиянын келтіретінін де тілге тиек етті дәрігер.
Махаббат Бекбай