Электр энергиясы неге қымбат?
Республика бойынша электр энергиясының ең жоғары тарифі Қостанай облысына тиесілі. Ал тұтынушылар тарифті төмендетуді қалайды. Көпшілікті алаңдатқан мәселе «Нұр Отан» партиясы ҚОФ-ның тікелей бақылауында. Бұл туралы партияның сайлау алды платформасының «Жасыл экономика» бағыты бойынша эксперттік тобының отырысында айтылды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, облыста электр энергиясын жеткізу 16 субъекті арқылы іске асқан. Қазір соның алтауында бағаның өзгеруі қадағаланып отыр. Олар: «Костанайский ЭнергоЦентр» ЖШС, «Костанайюжэлектросервис» МКК, «КУН» МКК, «Рудненская энергокомпания»ЖШС, «Лисаковскгоркоммунэнерго» МКК, «Житикаракоммунэнерго» МКК.
-Елімізде электр энергиясының тарифі бойынша талдау жасадық. Ең жоғары тариф біздің облысымызда. Себебі біздің өңір электр энергиясын тасымалдаушылардан қашықта орналасқан. Бұл мәселені біржақты ету үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, ҚР Парламентінің Мәжілісіне сауал жолдаймыз,-деді «Жасыл экономика» бағыты бойынша эксперттік тобының партиялық кураторы Самат Акишев.
Аталған іс-шараға эксперттік топтың мүшелері, «Костанайский энергоцентр» ЖШС жоспарлау бөлімінің басшысы Татьяна Кудряшова, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Жалғасбаев қатысып, өз ұсыныстарын айтты.
«Нұр Отан» партиясы ҚОФ-ның эксперттік тобы былтырдан бері жұмыс істеп келеді. Сарапшы топ өткен жылы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүгедектерге қолдау білдірген болатын. Ал биыл «Жасыл экономика» бағыты бойынша өңірдегі электр энергиясы тарифінің өзгеруіне қоғамдық бақылау жүргізбек.
Қымбат ДОСЖАНОВА