Қуаңшылыққа қарсы амал

Денисов ауданының шаруалары қуаңшылық салдарына қарсы қандай амал жасап жатыр? Қанша көлемде жем-шөп дайындалды? Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Денисов ауданының әкімі Бақыт Нұрғалиев осы мәселені де ұмыт қалдырмады.  
Бүгінге дейін ауданда шамамен 29 мың тонна шөп, 3 мың тонна пішендеме бастырылды. Оның жартысын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, ал жартысын тұрғындар дайындап алған. Бұл – малдың қыста жейтін азығының 54%-ы ғана.
«Қуаңшылыққа байланысты ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері деп қам жасауда. Жалпы алаңы 2 мың гектардан астам бір жылдық шөптер егілді, оның ішінде  «Приреченское» ЖШС – 1328 гектар, «Крымское» ЖШС – 400 гектар, «Алтай»  ЖШС –300 гектар. Халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, басқа аймақтардан шөп жеткізуге келісімшарт жасасып жатырмыз. Өңірде өндірілген жем-шөп бағасының негізсіз өсуіне жол берілмейді. Шөптің бір тоннасының орташа бағасы 25-30 мың тонна деңгейінде қалыптасты», – деді аудан әкімі жарты жылда атқарылған жұмыстарды баяндаған брифингте.
Денисов ауданының ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімінің жалпы көлемі алты айда 4 млрд 835 млн теңгеге жеткен. Бұл – облыстағы өндіріс көлемінің 4,4%-ы.
«Осы ауданда егіс жұмыстары табысты жүргізілді. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 252 мың гектарға егілді. Майлы дақылдар егістігі өткен жылдың деңгейінде қалды – 25 мың 183 гектар, аудан үшін майлы дақылдың жаңа түрі – мақсары алқабы, оның көлемі шамамен 2 мың гектарға ұлғайды. Жем-шөп дақылдары 9,5 мың гектарға себілді», – деп тоқталып өтті Бақыт Нұрғалиев.
Аслан ҚАНҒОЖИН

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓