Көктемнің бейнеті – күздің зейнеті
Биылғы көктемгі егістік әдеттегі жылдардан күрделі өткені жайында бұған дейін айтылды да, жазылды да. Толассыз жауған жауын-шашын шаруа біткенді титықтатып жібергені белгілі. Көп ауданда 20 күннің ішінде 2-3 айдың ылғалы түсті. Оған өткен күздегі ауа-райының қатал болғанын қосыңыз. Осының салдарынан көп жағдайда тұқым отырғызу бел ортасынан асатын 25 мамырда биыл 11% ғана алқапқа дән себілді. Осы және көктемгі егістіктің басқа да машақаты жайында облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов аппарат жиынында баяндады:
– Егістік науқанын аяқтауды жеделдету үшін шаруашылықтар бар күшін салғанын айта кету керек. Қосымша күш жұмылдырылды. Диқандардың күн-түн деп қарамай, екі ауысыммен жұмыс істегенінің арқасында тәулігіне 350 мың га алқапқа дән себіліп отырды. Ал жалпы науқан 10 маусымда аяқталып, 4 млн. 710 мың га жерге дән себілсе, 4,1 млн. га астық, соның ішінде бидайдың үлесі 3,7 млн. га. Биыл барлық егілген 567 мың тонна тұқымның 10 мың тоннасы элиталық тұқымға жатады. Сонымен қатар, 9,2 мың тонна минералдық тыңайтқыш алынды.
Б.Жақыпов сондай-ақ, егістіктердің келер жылға парға дайындау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты. Құрғап үлгермеген алқаптарға (166 мың га жуық) техника жүретіндей мүмкіндік болса, шаруаларға ол жерлерге біржылдық шөп, мал азығын егуге ұсыныс жасалып отыр деді. Егер олай болмаса, келер жылға дейін тыңайып жатады.
Қазір өңірімізде шегірткеге қарсы күрес жүргізілуде. Биыл химиялық улау аумағы 12 ауданды қамтып, жалпы көлемі 1 млн. 493 мың га болмақ. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,4 млрд. теңге қаражат бөлініп, 111 пестицид сатып алынған. Улау жұмыстарына 108 техника жұмылдырылып отыр.
Шаруалардың ендігі басты мәселесі – күзгі орақ науқанына дайындығы. Өткен жылы астық кептіргіш кешендерінің аздығы басты түйткіл болып еді. Қазіргі таңда өңірімізде 75 астық кептіру орыны жетіспейді. Биыл 5 кешен іске қосылғанмен, мәселе мұнымен шешіле қоймайды.
Аймақ басшысы Нұралы Садуақасов жоғарыда келтірілген мәселелер бойынша аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар беріліп жатқанын айтты. Тапсырма бойынша осы аптаның соңына дейін облыстың барлық өңірлері көктемгі егістіктің, парға қалған жерлердің, күзгі орақ науқанына қанша техниканың бары жөнінде нақты мәліметтер берулері қажет.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ