Фестиваль жеңімпаздары анықталды
Облыстық ХХІХ халықтық көркемөнерпаздар шығармашылығы фестивалі қаладағы «Мирас» мәдениет үйінде думандатылды. Аталмыш ауқымды шара «Жеңістің туы, желбіре!» деген атаумен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды. Қазақстан халықтар Ассамблеясының 20 жылдығына да орайластырылған.
Өнерсүйер қауыммен орта толған бұл мереке – облыстың бүкіл өңірін қамтыған фестивальдің шешуші кезеңі. Яғни, үздігі анықталып, топ жарғаны марапатталатын ақтық айналым. Мәдени маңызы маңғаз саналған шараға облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов арнайы қатысты.
Сонымен қатар, күллі аудан-қалалардың басшылары да көрермен залы төрінен орын алды. Әрқайсысы өз өңірінің өнерпаздарына демеу-қолпаш білдіруге келген.
Қош! Сахна шымылдығы түрілісімен, дүйім қауым көркемөнерпаздар шығармашылығына ыстық ықыласпен назар салды. Әсем кештің әлқиссасын бастап берген ұлттық саз аспаптар ансамбльдерінің өнері көрермендердің қошеметіне бөлене кетті. Әуелеген әндер, күмбірлеген күйлер, мың бұралған билер бірінен-бірі асады.
Вокалды аспаптар ансамбльдері де ду қол шапалаққа көмілді, цирктік қойылымдар да таңдай қақтырарлық…
Жеңістен үмітті топтар арасында шынашақтай оқушы баладан егде жастағы кісілерге дейін ұшырасады.
Гала-концерт тәмамдалсымен, сахна төрінде облыс басшысы жеңімпаз өңірлер есімін жария етті. Фестивальдің бірінші орнына Қостанай мен Рудный қалалары, Амангелді және Әулиекөл аудандары ие болды. 2-орынды Жітіқара, Сарыкөл, Федоров аудандары өзара бөлісті. Қарабалық, Қостанай, Таран аудандары үшінші тұғырдан көрінді. Денисов ауданы "Жыл жаңалығы", Жангелдин ауданы "Ұлыттық өнерге деген адалдығы үшін", Меңдіқара ауданы "Дарынды жастарды қолдағаны үшін" атты номинацияларды еншіледі.
Фестивальға қатысқан өңірлердің ешқайсысының өнері елеусіз қалған жоқ. Барлығына бірдей атақтар беріліп, ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Жандос Жүсіпбек