Интернет алаяқтарынан абай болыңыз!
Кенеттен компьютеріңіздегі немесе смартфоныңыздағы интернет-ресурсқа беймәлім бағдарламалар келіп, ғаламтор жұмысы бұғатталып қалса, алаяқтардың қаскүнемдігіне душарласқан болуыңыз әбден мүмкін. Олар браузерлерге (Internet Explorer, Google Chrome, Mozilla Firefox, Opera және т.б.) жалған бағдарламалармен шабуылдауы арқылы ақша жасауды көздейді.
Нақтылап айтсақ, ғаламтор-ресурсты бұғаттайтын мұндай алаяқтар Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының кебін киеді екен. Құзыретті орындардың сөзін сөйлейді. Яғни «жемтігіне» порнографиялық немесе өзге де осы мінездес мазмұндағы таспаларды көріп, көшіру арқылы Заң бұзғаны жөнінде хабарлама жібереді. Құрбандары, интернет игілігіне қайтадан бөленгісі келсе, төлем терминалдары арқылы 10-15 мың теңге көлемінде айыппұл төлеулері керек-мыс. Ал, бас тартқан жағдайда, іс материалдары прокуратураға жіберіліп, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екені былдырақтатылады. Ал, шындығында, мемлекеттік органдар ешкімнің компьютерін немесе смартфонын бұғаттауға хақысыз.
Мұндай жайттардың жиі тіркелуі деректеріне қатысты, Ішкі істер Министрлігі тергеу жұмыстарын жүргізуді мықтап қолға алды. Сондай-ақ, Министрлік ғаламтор тұтынушыларына таратылған хабарламаның лақап екенін, оған ешқандай да қатысы жоқтығын ескертеді.
Ал, басыңызға мұндай күн туа қалса, қалтадан ақша шығармай тұрып, мән-жайға әбден көз жеткізуді ескеруіңіз керек. Абайсыз төлеп қойған болсаңыз да, түбіртегін жоғалтып алмағаныңыз жөн. Ең қолайлысы – аталған беймәлім хабарлама мазаңызды алысымен, көп кешікпей, ішкі істер органдарына жүгіну. Мұндай ғаламтор алаяқтарының арбауына түспес үшін күдікті бағдарламаларға ат-жөнсіз батырма баса бермеген де абзал.
Жандос Жүсіпбек