Жаңа саябақ ашылмақ
Наурызым ауданында балалар ойын-сауық саябағы ашылмақ. Балаларды шаттыққа бөлеуді жөн көрген наурызымдық кәсіпкер, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында, 3 млн. теңгенің грантына өтінім берген-ді.
Алма Ғалиева есімді кәсіпкер бұл бизнес-идеясының мақұлдауға ие болғанына дән разы. Азаматшаның кәсіпкерлікке құлаш ұрғанына көп уақыт өткен жоқ. Ол 3млн.теңгенің грантына өтінімді «Бизнес-кеңесші» оқыту курсын тәмамдап, сертификатқа қол жеткізісімен жолдаған.
«Мақұлданған өтінішім бойынша бөлінетін қаражатқа жаңа аттракциондар сатып алсам деймін,-дейді кәсіпкер азаматша- Қазір өзімде балалар автомашиналары және квадроциклдер, серіппелі торлар бар. Жобаны алдағы үш жылда толығымен жүзеге асыру көзделіп отыр».
«Мемлекеттік гранттарға өткізілген іріктеудің шеңберінде, облыстан, ұзын саны, 85 өтінім жолданды,-дейді Кәсіпкерлер палатасының бизнесті сервистік қолдау бөлімі сарапшысы Лейла Ақтаева.– Олардың 52-сі Палата филиалдарына қарасты кәсіпкерлікті қолдау Орталығының тегін кеңесін алды. Сондай-ақ, 59-ы бизнес негіздері бойынша оқытудан өтті".
Бұл – бұйыртса, Тобыл өңірінде әлі де көптеген жобалардың тұсауы кесіледі деген сөз.
Жандос Жүсіпбек