Алаяқтың құрығына түсіп қалмаңыз…
Жыл басынан бері Қостанай облысында 1706 алаяқтық фактісі тіркелген. Алайда, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 16,2% төмен. Ал, қылмысты ашу көрсеткіші өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда әжептәуір жоғары. Дегенмен кейбір аудандарда аталған қылмыс түрі екі есеге дейін артқаны байқалады. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен "дөңгелек үстелде" белгілі болды.
Қостанай қаласы ІІБ бастығының орынбасары Е.Сералиннің айтуы бойынша, көп жағдайда ЖШС директорлары мен жеке кәсіпкерлер таныстарына қа- рызға ақша береді де, уақытында ала алмайды. Сол кезде полицейлер алаяқтық па, әлде келісімді жағдай екенін айыра алмай әбігерге түседі.
– Қылмыстық өндіріс тәртібі бойынша анықтай бастағанда, борышкер басқа жеке кәсіпкерден алашақ ақшасын ала алмағандықтан қарызын қайтара алмай жүргенін айтып дәлелдейді. Сонымен қатар, қарызгер арада есеп айырсу және іскерлік байланыстың болғанын айтып ақталады.
Жылдан жылға алаяқтықтың түрі де өзгеріп барады. Ерлан Сералиннің айтуынша, соңғы уақытта алаяқтықтың жаңа түрі пайда болыпты. Алаяқ интернет арқылы көлік сату туралы хабарлама береді. Сатып алушы сатушыға хабарласа, ол шетелде жүргенін айтып, көлікті кез келген уақытта әйелінен алып кете алатынын айтады. Алайда, көліктің ақшасын алдын ала шетелдегі есепшотына аудару керектігін жеткізеді. Сөйтіп ақшаны аударады. Сол нөмірге хабарласса, ол кезде телефон өшірулі. Мұндай қылмыс түрін ашу қиын. Western Unuon арқылы ақшаны кім алғанын анықтау мүмкін емес.
Қостанай қаласы прокурорының орынбасары Ж.Жамалов алаяқтық оқиғасын ашу бойынша кейбір жағдайда полицейлердің кәсібилігі жетіспей жататынын алға тартады:
– Тергеушілер жас. Неден бастау керектігін білмейді. Бүгінгі уақытта алаяқтық фактісі бойынша 70 қылмыстық іс тоқтатылды.
Басқосуға қатысушылар алаяқтықтың алдын алу үшін тұрғындарға шынайы сот тәжірибесінен бейнероликтер көрсету керек деген тоқтамға келді.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ