Ауызекі сөйлеу тілінде интонациясын бұзу, баламасы бола тұра өзге тілдің бірліктерін жамау, төл атауларға орыс тілінің аффикстерін қосу, сөздердің орын тәртібін бұзу қоғамдағы дертке айналып бара жатқандай. Расында да таза қазақша сөйлейтін адамды табу мұң болып тұр. Себебі екінің бірі орысша сөзді қосады. Мысалы: привет, пока, давай, вообще, еще, вот, типа, звандау, не знаю, точно, прикинь, ужас, свежий сияқты орыс тіліндегі сөздерді ауызекі тілде жиі қолданамыз. Сондай-ақ, зарядканы тыға салшы, телевизордың пультін алып берші, чайникті қоса салшы, гулять еттік, тоскать ету, уборка жасау, генералный уборка, черновой вариант, кондуктор, парға бару, менде қазір окошка, перекур, пробкада тұрмын, соткамды берші деген тіркестер де сөйлеу тілімізде жиі қолданылып жүр. Жастар тіпті соңғы кездері орыс сөздерін қойып «окэй», «хай», «бай-бай!», «гуд бай!», «леди енд джентельмен», «мадам», «мисс», «мистер», «сори» деген ағылшынша сөздерді қосып сөйлеп жүр.
«Күнделікті сөйлеуде қазақ тіліндегі сөздерге өзге тілдің қосымшаларын қосып, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін бұзу – тілге төнген қасірет. Сондықтан таза сөйлеуге тырысу керек. Мен ойлаймын, мен айтамын, мен деймін деп алып, ойын жалғастыру, керекпін, керексіз деп ойын аяқтау – тіл алдында күнә. Дұрысы – «Мен осылай ойлаймын», «Осылай оқуыңыз, білуіңіз керек». Айтар сөзін қазақша бастап алып, әрі қарай жалғастыра алмай орысша аяқтайтындар да баршылық.
Орыс тіліндегі -ский жұрнағы қазақша сөздерге жалғануда алғы орында тұр. Барғански, келгенски, қатқански киініп алыпты, мынауски т.б. деген сөздерді жастардың аузынан жиі естіп қаламыз. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі -лау, -дау, -тау, -ға, -ге, -қа, -ке т.б. жұрнақтарын орыс сөздеріне қосып сөйлесу де кездеседі: гуляттау, звандау, школға бару т.б.
Тіл бұзарлық қателіктердің пайда болуының басты себептерінің бірі ретінде ғалым Анар Салқынбай былай дейді: «ХХ ғасырдың ортасына дейін қазақ баласы орысша қара танымайтын әженің ерлік пен батырлық жайлы сұлу сөзбен көмкерілген ертегісін естіп, мектепке дейін ауызекі тілді меңгеріп өсті. Жеті жасында мектепке барып, жазба тілдің ерекшелігімен танысқанда, айту мен жазу арасындағы ерекшелікті түсінді. Ал қазіргі әже орысша сауатты, оқыған; ол немереге ертегіні айтып емес, оқып береді. Сондықтан бала айтумен емес, жазумен тәрбиеленуде. Жазу-таңба жазылған қалпында оқылып, айтылып, бірте-бірте нормаға айнала бастағаны осыдан».
Мысалы, тілімізде отырмыз дегенді «отырық», тұрмыз дегенді «тұрық», келе жатырмыз дегенді «киәтырмыз» деп айтуды тіл бұзарлыққа санайтындар баршылық. Алайда, біз сөйлеу мен жазуды шатастырмағанымыз жөн. Сөйлеу автоматты түрде жүзеге асатын үрдіс болғандықтан «келе жатырмыз» деп жазып, «келатырмыз», «киатырмыз» деп айту сөйлеу нормасы тұрғысынан әбден дұрыс. Сөздердің қалай жазылса, солай айтылып жүргеніне БАҚ өкілдері де себепші болып отыр. Айталық, жарнама, телесериалдарды дыбыстаушылар, тіпті жаңалықтарды жүргізетін дикторлардың өзі ерін үндестігі, дыбыс үндестігі сияқты тіл заңдылықтарын сақтамайды.
Айнұр НҰРБЕКОВА,
гуманитарлық ғылымдар магистрі, Тілдерді оқытудың облыстық орталығының оқытушысы.
Ой, айта берсе көп қой. Мектептің өзінде-ақ біраз бала рахмет деген дұрыс сөзді рахматизация дейтін. Жарайды, балалардың балғын әзілі шығар. "изм", "ция" т.с.с қоса берсек қандай мыйпалау бола береді. Несін термелейін. Үш тұғырлы тіл аз, енді сериал тілін қосып, әдеби норманы былай қойып сленгпен сөйлеп "типтерді орнына қойып", "әңгіме айтқысы келгендерді сындыратын жынды" болдық. Винегрет тіл емес, оливье яки күрделі салат болып кетті бабалар тілі. БАҚ деген, шынтуайтында сорымыз емес бағымыз болуы керек еді. Мүйізі қарағайдай жарықтықтарымыз аман болса, тілді қорлатпай тәртіп пен реттілік орната алады. Жалпы, бұл үшін мүйіздің де қажеті шамалы, жан ашып, бас ауырса болғаны. Бастысы, әй дейтін әже, қой дейтін қожа бар. Автор, жақсы жазғансыз, жарайсыз.Сөзден күшті не бар.