Мектептерде тегін тамақтану болмайды
1-қыркүйектен бастап, оқушылардың мектептердегі түскі асы ақылы болмақ. Балғындардың тоқтығы олардың ата-аналарының қалтасына қарайтын болады. Бұл туралы әлеуметтік қамтамасыз ету туралы Үкімет қаулысында айтылған. Балалардың асынан үнемделген қаржы жетімдер мен аз қамтылған отбасынан шыққан балғындардың тамақтануына жұмсалмақ – дейді «Тенгриньюс» ақпарат агенттігі. Қостанай облыстық білім беру басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Сара Еришеваның айтуынша, орта білім беру мекемелері ыстық тағаммен және дәмханалық тамақтанумен қамтамасыз етілген. Қалалық және аудандық мектептер оқушылары асханадан ыстық ас ішеді. Ал, шалғайдағы ауыл оқушылары асханалардың жоқтығынан жеңіл-желпі тамақты талғажау етуде. Өткен оқу жылында Қостанай облысы оқушыларының 90%-ы, яғни 88 608 жас жеткіншек ыстық тамақпен қамтылған. Аз қамтылған отбасылардың, көп балалы, күнкөріс деңгейі төмен отбасынан шыққан балғындар мен жетімдерден құралған 18 мың жеткіншек тегін ауқаттанған. Ал, ауыл мектептерінде 6,638 оқушы мектеп дәмханасынан тамақтанған. Тоқаш пен сусын іше салып жүрген оқушылардың 26%-ы ақысыз ауқаттаныпты.
Жалпы, облыс бойынша оқушылардың тамақтануына қаржы жергілікті бюджеттен, яғни жалпы оқыту қорынан бөлінеді. Сонымен қатар, демеушілер қолдауымен жүзеге асады. Алдағы оқу жылында да жоғарыда аталған санаттағы оқушылардың мектептегі "ішіп-жемі" тегін болады деп сендірді білім беру басқармасының қызметкері. Ал, ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Шоқпаровтың хабарлауынша, алдағы уақытта оқушылардың ас-ауқатына қатысты өзгеріс күтілмейді. Әр аймақ өзінің бюджет қаражатына қарай бұл салаға ақша бөліп, тегін тамақтануға жататын жеткіншектер қатарын бекітеді.

Махаббат Бекбай