Марат БЕГІМБЕТОВ: Сыбайлас жемқорлыққа – жол жоқ

IMG_1963Қазір елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әр-түрлі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Қоғамның әбден жегі құртына айналған жемқорлыққа қарсы күресті күшейту туралы Елбасының тапсырмасына сәйкес облысымызда да бірқатар мәселелер көтеріліп, тікелей "Нұр Отан"  партиясы  арқылы жүргізілген шаралар қаншама?! Міне, сондай игі шараларды Қостанай облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы қолға алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде жүргізілген жұмыстары туралы инспекция басшысы Марат Бегімбетов айтып берді.
– Марат Әбдірахманұлы, бұл күндері өңірімізде әр басқарма басшылығы өз іштерінде осы мәселе турасында бірқатар мәселелерді көтерген алқа-қотан мәжілістер өткізіп келгені аян. Енді өзіңіз басқаратын   инспекцияның қандай шаруалар атқарғандығына тоқталып, негізгі-негізгі дегендерге шолу жасап өтсеңіз?..
–  "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" 1998 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңын орындау мақсатында, біздің инспекцияда 2014   жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген-ді. Осы жоспарға сай біздер салық органына       инспекция қызметкерлерінің кiрiстерi мен мүлiктерi туралы мағлұмдамаларды уақытында бердік. Мемлекеттік міндеттерді орындауға немесе мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткер тұлғалар үшін, "Сыбайлас жем-қорлыққа қарсы күрес туралы" заңда көзделген шектеулерді сақтауына тұрақты бақылау жүргізіліп, мемлекеттік міндеттерді орындауда үйлеспейтін қызметтердің алдын алып, сондай-ақ, жақын туыстардың бірлескен қызметін болдырмау жөніндегі шаралар қамтамасыз еттік.
– Содан соң…
–  Бұдан кейін тұрақты, қызметшілерді жұмысқа қабылдағанда, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқармасы органдарында арнайы тексеруден өтуді қамтамасыз ете отырып, құқықтық жалпы оқыту кестесіне сәйкес инспекция қызметшілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды оқып зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, бізде 14 инспектор штатқа алынып, еңбек етіп келеді. Міне, солармен апта сайын прокуратура қызметкерлерімен бірлескен семинарлар өткізуді дәстүрге айналдырдық. Қызметтік этиканы бұзушылықтың, жемқорлықты, құқық бұзушылықтың алдын алу мен анықтау және жұртшылық пен азаматтарды олармен күресуге тарту үшін инспекция ғимаратының кіре берісіне "ҚР мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексінің" мәтіні орналастырылды, яғни, әр мемлекеттік қызметші байқап, көріп, көкейіне түйіп жүрсін деген ниетпен. Сондай-ақ, әр лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекетіне арыздар мен өтініштер салатын жәшік те орнаттық. Күнделікті "Мемлекеттік қызметшілердің этикасын бақылау" кітабы да толтырылып келеді. Тіпті, сенім телефоны да бар бізде. Тоқсан сайын азаматтарды қабылдау кестесі бекітіліп, осы бекітілген кесте бойынша, инспекция басшысы және оның орынбасары азаматтарды қабылдап тұрады. Осы жұмыстар көрер көзге ұсақ-түйек болып көрінсе де, біз заңдағы барлық талап-міндеттерді орындаумен келеміз.
– Ал, "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалымен қандай іс-шараларды жүзеге асырдыңыздар?
–  Бұл жайында бізде арнайы кесте орнатылған. Сол арқылы партия өкілдері және прокуратура қызметкерлерімен қала, аудан көлемінде іс-сапарларға шығып, заң бұзушылық әрекеттерді байқап, құқықтық жазаға тартамыз. "Нұр Отан" партиясымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында, қаскерлік фактілерді анықтау мен жолын кесу, табиғат қорғау заңнамасын сақтау бойынша алдын алу іс-шаралары тұрақты жүргізіліп келеді. Орман және аңшылық шаруашылығын жүргізу мәселелері жөніндегі  инспекцияның қызметі туралы бұқара халыққа БАҚ арқылы жиі ақпарат та беріліп келеді. Әзірге мемлекеттік қызметшілердің "Ар-намыс кодексі" нормаларын бұзушылықтар, сондай-ақ  сыбайлас жемқорлықтың, құқық бұзушылықтардың және оларға ықпал ететін жағдайларды жасаған тәртіптік жауапкершілікке тар- тылғандар болған жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа біздер де қарсымыз!
– Лайым солай болғай! Аз-кем уақыт бөліп, әңгімелеске-ніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
 Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суретті түсірген
Айбек ЖҮЗБАЙ.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓