Тасқын қаупіне тосқауыл (фоторепортаж)
Тобыл өзенінің жағалауында республикалық «Көктем-2017» командалық-штабтық оқу-жаттығу жиындары өтті. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің қатысуымен көктем мезгіліндегі тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымдық, коммуналдық, энергетикалық, көлік коммуникация нысандарының дайындығы тексерілді.


Болжау жұмысы мен диспетчерлік қызмет, мониторинг жүргізу, материалдық-техникалық қор, азық-түлік пен медициналық резервтер құру – басқарманың тікелей міндеті. Тұтастай алғанда, төтенше жағдайды тосып отырмай, оның алдын алу шараларын жүргізуде дамылсыз еңбек ету керек. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтты.



Жалпы жедел құтқару тобына ҚР ІІМ ТЖК-нің өңірлік жасағы, өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметі, медициналық орталығы бригадасы, сондай-ақ, жергілікті күштік құрылымдар, облыстық, қалалық төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жою комиссиясының өкілдері кіреді. Оқу-жаттығу барысында су тасқыны уақытында гидротехникалық құрылғылардың, көліктік коммуникациялардың, құлақтандыру жүйесінің төтенше жағдайларға әрекет етуі де бақыланады.



ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин сапар барысында ТЖ департаментінің бөлімшелері – өрт сөндіру және авариялық-құтқару, бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет басқармасына, Қостанай қаласының № 1, № 2 өрт сөндіру бөлімдеріне, кәсіби дайындық мектебіне, Солтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағына, ведомстволық мұражайға және Қостанай облысының ІІД-не барып, соңғы дайындық жұмыстарын бақылады.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ