“Үркер” – ұл-қызыңыздың үміті Әдеби-мәдени басылымға 5 жыл
Бүгінде қазақтың сөзі дарынға кенде емес. Сөз қадірін түсінер қалам иелері көбейіп келеді. Сол үшін де танылмай жүрген таланттар-ға қарай ойысып, жастар үні болуға бет бұрдық. "Ұйқы басқан қабағын, сол қазақты сүйемін" деген Мағжандай, біз де өзімізге-өзіміз сүйіс-пеншілікпен қарай отырып, қолына қалам алғанмен жүрексініп, өзін көрсете алмай булығып жүрген жастарды "Үркердің" бетінде жа-риялап, тұсауын кесуге бел будық.
80-жылдары "Жалын" баспасында "Өркен" сериясы ашылса, енді "Жас толқын" боп жалғасып жатыр. Кезінде "Арман қанатында" мен "Қанат қақтыға" шыққандар қазір алпысты алқымдады. Сол алпысты алқымдағандар сол дәуірдің әдебиетке деген қамқорлығын тамсана еске алады. Осынау дағдарыс кезеңінде көркемсөз деген киені бәрінен биік қойып, ашып айтсақ, жоқтан бар жасап, "Үркердің" бетінде дарынды жастардың жолын ашуды мойынға ап отырмыз.
Таланттар – еліміздің түкпір-түкпірінде қаламын қолға қыса ұстап, кенет ке-зіккен дағдарыстың ызғарымен бетпе-бет келе алмай, әдебиет аулын айналсоқтап, жалтақтап, Алматыға жете алмай жүр. "Үркер", міне, дәл осындай шаң мен құмның ортасында жүріп, жүрегі өлең боп жырлаған, қара сөздің қадірін бойына сіңірген жігіт пен қыздың қайнайтын қара қазаны. "Үркер" – жас таланттардың томағасын сыпырып, тұсауын кесетін өмір өткелі. Осында Б.Беделханұлы, Ұ.Нұрғалым, Ж.Қабдікерімұлы, Д.Мәлікова сынды ақындардың, Шәкизада, Т.Қабылшаева, Н.Бердіқожа. Л.Қоныс, Д.Бейсенбекұлы, Е.Қаныкейұлы секілді жазушылардың, Е.Байтілес, Ж.Әшім-жан секілді журналистердің, А.Сейілова, Ә.Байбол, Е.Жүніс, Т.Таңжарық секілді әдебиет сыншыларының, т.б. көптеген жас қаламгерлердің дүниелері жарияланды. Бірақ, бұлардың бәрі жақын жердегі жалт еткен таланттар, Алматы мен Астананы қоныс еткен, қолында "электронкасы" бар жүй-ріктер. Бізге түкпірдегі түтінге қақалып жүріп от жағып, екі ауылдың арасына май-май боп жүріп жол салып, жүрегін әдебиет деген алаумен жылытып жүрген жырақтағы жас таланттардың көзін ашып, қалам бедерін көпшілікке паш етуіне мұрындық болуымыз керек.
"Үркер" – әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси журнал. Проза мен поэзия айдары қамтыған "Қауырсын қалам", "Туған әдебиет тағдыры", жастар болашағын бағамдайтын "Кім болам?", "…білімді мыңды жығар", "Мамандығым – мақтанышым", қалам және қоғам қайраткерлерінің бейнесін сомдайтын "Жастық дәурен", "Ірілерден қалған із", сондай-ақ "Ұлттық дәстүр ұлағаты", "Халық мұрасы", "Бүгінгі спорт", "Экономика", "Дәстүрдің озығы бар…", т.б. айдарларымыз жастардың еркін қалам сілтеп, қоғамның бүгінгі ерекшеліктері хақында көсіле ой айтуына арналып отыр. Кейінгі буынға үлгі ретінде аға буынның көркем шығармаларын жариялайтын "Арбаның алдыңғы дөңгелегі", қазақ қаламгерлерінің, қоғам қайраткерлері мен дуалы ауыздардың адамзатқа қатысты елең еткізер пікірлерін жариялайтын "Хатқа түскен сөз", алыс аймақта жатқан жас ақын-жазушыларды әр облыс бойынша топтастырып, басылым бетінде көрсету мақсатындағы "Үркердің жүрдек пойызы", күнделік формасындағы ой-толғамдарды жариялайтын "Жан әлемі", "Тәуелсіздік тұғыры", "Жас дәурен, гүлжазира қайран жазым!" айдарлары басылым ажарын кіргізіп тұрғандай. "Өттің дәурен", "Өмір шіркін", "Таразы" – атаулары айтып тұрғандай өмірдің өзіндей өткір дүниелердің басын біріктіретін айдарлар.
Қазір компьютер заманы. Жұрттың бәрінің қолында Интернет, факс пен электронды пошта. Бізді бұрынғыдай қарлығаштың қанатындай ақ конверт байланыстырып тұрса, дәлізімізді қуаныш кернер еді. "Құрметті редакция!" деп басталған ақ қағаздағы көңіл толқыны қоғамның арқа сүйері – алыстағы жас қауымның жүрек лүпілі деп білеміз. Әр ауылдың "ағарту үйшігі" – пошта бөлімшесіне барып, жазылып, әркімнің жүрек сөзін жария етер кітап тектес басылымды күту де жан-дү-ниенің өмірге деген құлшынысын арттырар бір рахат әлем емес пе?! Сіз "Үркер" арқылы жас адамның өмірдегі алар орны қандай болуы керек деген жүрекжарды сау-алға жауап табасыз. "Үркер" – ұл-қызыңыздың үміті.
Журналға "Қазпоштаның" байланыс бөлімшелері ар-қылы жазылуға болады. Сондай-ақ "Евразия-пресс", "Еврика-пресс", "Дауыс" бөлім-шелері арқылы да жазыла аласыз.
"Үркерге" жазылуға асығыңыз, көзіқарақты оқырман!
Қуандық Түменбай,
жазушы,
"Үркер" журналының бас редакторы.