Зейнеткерлерді тонаған
Рудный полицейлері зейнеткерлерді тонады деген күдікпен 27 жастағы жігітті ұстаған.
Қылмыскер қарттарға шабуылдаған. Рудный қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Ахметовтің айтуынша, қаскөй жәбірленушілердің зейнетақы алғанын біліп, банктен үйіне дейін аңдыған.
«Оларды үйдің кіреберісінде аңдып отырып, тұтқиылдан шабуылдаған да, азық-түлік арқалаған сөмкелерін әмияндарымен қоса тартып алып кеткен. Осы дерек бойынша, бұрын қарақшылық жасағаны үшін сотталған 27 жастағы ер адам ұсталды. Ол айыбын мойындады», – деді Н. Ахметов.
Қарақшының шабуылына ұшыраған әжейлердің бірі 77, екіншісі 82 жаста болған.