Клубтың мақсаты – тілді еркін форматта үйрету

Жақында қазақ тілін ересектерге еркін форматта үйрету мақсатында «СөйлеTime» клубы құрылған болатын. Клуб ашылған күннен іске кірісіп, тіл үйренемін деушілерге бар жағдайды жасауда. Аталмыш клубтың жұмысы жайында «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары Гүлнар Талапова әңгімелеп берген еді.
­­­- Тіл үйренемін деген адамға шектеу жоқ екені белгілі. Бастысы талап пен ниет болса болғаны. Ал ендігі жерде осындай клуб ашылып отырғанда оған барып, білмегенді үйреніп, ана тіліміздің аясын кеңейтіп, тіл білемін дегендердің қатары көбейіп жатқан болар?
– Клубтың ресми ашылуы наурыз айында Ы.Алтынсариннің мемориалдық мұражайында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Б.А.Есімованың қатысуымен өткізілген болатын. Осындай клуб ашудың негізгі идеясы да осы кісіге тиесілі екенін айта кеткенім жөн болар. «СөйлеTime» клубының ресми ашылуы барысында модератор ретінде орталық басшысы Жұлдызай Ербатырова клуб жұмысының мақсаты, міндеті, ережесі туралы баяндап берсе, спикерлер ретінде М.Горький атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Дмитрий Ромащенко, Тобыл қаласы мектеп-гимназиясының мұғалімі Екатерина Гедзур қазақ тілін қалай үйренгендігі жөнінде өз құпияларымен бөлісе кетті. І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан, Ы.Алтынсариннің мемориалдық мұражайының директоры Марғұлан Оспанов клуб қатысушыларына қазақтың салт-дәстүрін насихаттау арқылы тілді меңгертудің қыр-сырымен өз тәжірибелерімен бөлісті. Бұл тек қана бастамасы. Ал «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы» КММ-сі «СөйлеTime» клубына қатысушыларды шақыру мақсатында «Кел, қазақша үйренейік!» айдарымен бейнероликтер, хабарландыруларды басқарманың және орталықтың әлеуметтік желілеріне орналастырып, 16 сағаттық жұмыс бағдарламасын әзірлеп, тақырыпқа сәйкес тілашар буклеттер таратты. Бүгінгі күні клубтың WhatsApp мессенджері чатында тіл үйренуге тілек білдірген 36 адам тіркелді. Клубқа қатысушылар аптасына 1 рет, бейсенбі күні сағат 17.00-де кестеге сәйкес әртүрлі алаңдарда («Тілдарын» орталығының оқу кабинетінде, мұражайда, театрда, кітапханада, орталық саябақта және тағы басқа әлеуметтік-мәдени орындарда) кездесетін болады.
– Алғашқы сабақтарыңыз қалай өтті?
– «СөйлеTime» клубы мүшелерінің бірінші кездесуі 26 наурызда «Тілдарын» орталығының оқу кабинетінде өтті. Кездесу барысында «Наурыз – береке бастауы» тақырыбында өзара әңгімелесу, интерактивті тапсырмалар орындалып, қазақтың ұлттық тағамы женттің жасалуы көрсетілді. Спикер ретінде кездесуді өзім жүргізген едім. Кездесу соңында қатысушылардан сауалнама алынып, олардың тілектері мен ұсыныстары ескерілді. Ал екінші ездесу бірінші сәуір күні І.Омаров атындағы қазақ драма театрында «Бүкіл әлем – театр» тақырыбында өтті. Кездесу барысында театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ерлік Сапабеков қатысушыларды театр мұражайының экспонаттарымен таныстырып, театрға қатысты сөздермен интерактивті ойын жүргізді. Бұл сабаққа да Бақыт Аманкелдіқызы келіп, қатысып, еркін форматта өткен сабақпен танысты. Қатысушылар өздерінің қазақ тіліндегі сөздік қорын көбейтіп, көптеген танымдық ақпараттар алып, әңгімелесуге белсенді араласты. «СөйлеTime» клубының жұмысы туралы жергілікті БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып отырады. Осы ақпараттарды көріп, келіп жатыр. Олардың жасы да әр қалай. Тек өздерінің ниеттерін білдіріп тіл үйренуде. Ресейден көшіп келген азаматтар да тілді үйренуге талпынуда.
Енді келешекте де осылай жалғасып, сабаққа қатысушылардың қатары көбейе түсетініне мен сенімдімін. Себебі сабақ тіл үйренуге қолайлы, жеңіл әрі қызықы өтеді.
– Бастамаларыңызға сәттілік тілеймін.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓