Атына заты лайық жан

image descriptionМенің бала кезімде, неге екенін білмеймін, қалың орыстың ортасында отырғандықтан ба, біздің Жітіқара жақта ақын-жазушылар, әнші-күйшілер, жалпы өнер адамдары өте аз болатын. Менің білетінім журналист-жазушы  Шайзада Омаров, зерттеуші-әнші Кенжеғали Есжанов, күйші Тоқтарбай  Тұрсынов, әнші  Амандық (Гүлбану  Абдуллинаның анасы),  тағы да  бес-алты адам сахнаға шығып ел алдында ән айтып, күй тартатын. Кейін ол өнер адамдарының қатарына біздің ініміз ақын Ақылбек Шаяхметов қосылды.  Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары бұл жақта Ақсұлу Орысбайқызындай ақын өтсе, сонау соғыстан бұрынғы жылдары бұл ел ән мен күйдің нағыз ортасы болған екен. Олардың қалың ортасында елге ұлағатты сөз айтып, жырдан шашу шашып Сейітжан ақын жүрді деген де  сөз бар. Ал елуінші-алпысыншы жылдары той-думанның көрігін Қасымхан Алдабергенов ағамыз қыздыратын. Жап-жас жігіт, кеше ғана әскерден келген, жүріс-тұрысы түзу, үстінде қалың былғары белбеумен буылған офицердің  ЧШ гимнастеркасы бар, аяғындағы хром етігі жүрген сайын сықыр-сықыр етеді. Жігіттің серісі еді ғой Қасымхан ағамыз. Домбыра тартып, ән айтып, таңды таңға асыратын. Кейде жаттағандарын жырласа, кейде өзі де жанынан шығарып айта беретін. Міне, бір ауданның осы өнер адамдарының ортасынан суырылып алға шығып, менің  есімде берік орын алған адам Лайық Шалдыбаев болды. 
1957 жылы күзде Жітіқара номері екінші қазақ орта мектебіне оқуға келгенде, мұғалімдерге рахмет, олар бізге дейін бұл мектепте кімдер оқыды, кімдер алтын, кімдер күміс медальмен бітірді мектепті, кімдер бүгінде үлкен азамат болып өсті,  кімдерден үлгі алу керек, сол ағалар жайлы біраз әңгіме айтатын. Солардың ішінде ауызға көп алынатындардың  қатарында Лайықтың да есімі бар еді. – "Ол ақын болатын. Қабырға газетін шығар-ғанда міндетті түрде өзінің төрт- бес ауыз өлеңін жариялайтын. Тілінің оты бар. Өзі кішкентай болса да, талай "мен" деген жігіттер "оның тілінен" таяқ жейтін, деп әңгімелейтін ұстаздарымыз. Арада жылдар өтіп, Лайықпен Алматыда кездестік. Шағын  келген денелі, ажарлы жігіт екен. – Қазақстан ауылшаруашылығы министрлігінің бөлім меңгерушісі, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ақын Лайық Шалдыбаев деп таныстырды ертіп келген қызметкерім. Қонағымның көзі жайнап, мені  шынымен де танымадың ба дегендей кейіп көрсеткендей.   Мен сәл ойланып, ағасы Сіз Жітіқараның Лайығы емессіз бе дегенім сол екен, құшақтай алғаны. Мен де құшақтап, арқасынан қағып жатырмын. Бұрын соңды, аты болмаса өзін көрмеген туыспен осылайша танысып, сол жолы біраз әңгімелестік. Ілекең өз тарихын айтып, жетім қалып, елден ерте кеткендігін, сол кездегі Целиноград ауылшаруашылығы институтының агрономия факультетін аяқтап, Қамысты ауданында агроном, партия ұйымының хатшысы қызметтерін  атқарғандығы, аспирантураға түсіп, осыдан бірнеше жыл бұрын ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты атағын алғандығы, одан кейін бірнеше жыл Монғол Халық Республикасындағы Баян-Өлгей аймағында болып, өзінің ғылыми еңбегін жүзеге асырғандығы жөнінде әңгімелеп берді. Бұған дейін бұл жұмысты Ақмола, Көкшетау, Торғай, Талдықорған облыстарында сынақтан өткізіп, ғалымдардың жоғары бағаларын алып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін, Монғол жерінде жұмыс істеу қиын болған жоқ.  Менің ғылыми еңбектерім негізінен жердің  құнарлығын сақтап, одан алатын өнімді молайтып, өзіндік құнын кемітуге  арналған. Республика ауылшаруашылығын өркендетуге қосқан осы  еңбектерімді жоғары бағалап, министрлікке бірден бөлім бастығы етіп қызметке алды. Кезексіз жақсы пәтер берді, деп қояды ағамыз  мақтанғандай сыңай танытып.  Ендігі әңгіме ауылшаруашылығынан ақындыққа ауысты.  Екеу-міздің туған жеріміз Жітіқара жайлы бірнеше өлеңдерін оқып, кетерінде өзінің алғашқы жинақтарының бірін  қолтаңбасымен сыйға тартты. Лекеңмен одан кейін талай кездесіп, дәмдес те  болып жүрдік. Лекең әсіресе жерлестердің бастарын қосып, түрлі шаралар өткізген өзінің іскерлігін, ұйымдастарушылық қабілетінің жоғары екендігін көрсете білді.  Осы кісінің арқасында Алматыда тұрып жатқан жітіқаралықтар талай бас қосып, суретке де түскен кездеріміз болды. Әр кездесуде Ілекең маған өзінің жаңа жыр жинағын ұсынады.  Байқаймын, жыл өткен сайын қаламы қатайып, шеберлігі артып, жүрекке жылы, көңілге қонымды өлеңдер жаза бастады. Әсіресе Торғай, Талдықорған  жақта туындаған жырлары ерекше болып көрінеді. Ілекеңнің ерекше бір дүрілдеп шыққан кезі оның "Қазақ қызы" деген өлеңінің жарық көрген жылдары еді.  Ол өлеңге біздің жерлес композиторымыз Б.Сәуекенов ән жазып, қазақ жігіттері ол әнді талай жыл айтып жүрді, әлі де айтады.
Қырмызы гүл – қазақ қызы, қыр қызы,
Кездестік біз сұлу Көкше кешінде.
Жарқыраған кімнің бағы, жұлдызы,
Қазақ қызы қалдың мәңгі есімде.
«Қазақ қызы, құдыретіңе бас ием!» деп аяқталатын бұл өлең әуеніне келтіре, қоңыр да жұмсақ дауыспен  орындағанда тіпті  керемет, кімнің болса да сонау жас-тық шағында кездестірген сұлуын еске түсіретін сияқты, әлде жастық шаққа саяхат па?!
Лайық Тоқайұлының ақындық шеберлігі талайдың көзіне ілініп, ол туралы сыншылар мен ақын жазушылардың мақтауларын оқыған сайын жерлесім үшін мен де қуанатын  болдым. Несі бар, жақсы жырға, жақсы адамның әр сөзі мен ойына мақтанбасқа болмас.
Бір кереметі Лайық Тоқайұлы өзі ғана өлең жазбайды, қанаттас жүрген ақын інілері енді ол жайлы өлең жазатын болды. Ілекеңнің ақын інісі Ақылбек Шаяхметов:
Адам, ақын,  азамат ең байыпты,
Агроном болып елге атағын жайыпты.
Қай салада, қай өнерде болса да,
Лайық аға барлығына лайықты,
– десе, Серікбай Оспанов:
Ағып жатқан асып-тасып кемерден,
Тобыл менен Торғай өзің тел емген.
Жақындаттың қазақтарды моңғолға,
Дихандықты ұштастырдың өлеңмен.
Халқың жарқын жырларыңнан нәр алды,
Ғалымдығың жерге құт боп таралды.
Жансыз аға махаббатан жаралған,
Жақындаттың адам менен адамды.
Тіпті, қазақтар ғана емес, Лайық Тоқайұлының елу жасқа толуына орай Монғолияның белгілі ақыны,  Жазушылар Одағының мүшесі Имашхан Байбатырұлы да өлең жолдарын арнапты.
Көмегі достың тегін деп,
Алдыңнан шықтық "егін" деп.
Елп ете түстің сен дағы,
Егін де өсті тебіндеп.
Көрсетіп кейде ибалық,
Жаныңда аздап қинадық.
Бірақ та оның орнына,
Шабытпен өлең сыйлады
– деп басталатын ұзақ сонар өлең,
Жасындай өсіп бағың да,
Тұра бер осы бабыңда.
Біздерді еске ала жүр,
Алпысқа келген шағыңда, деп аяқталады.
Дос тілегі ғой бұл. Сол Монғолияда елуге келіп, монғол жолдастарымен ұлан-асыр той жасаған Лайық Тоқайұы бүгінде жетпістің бесеуіне келіп отыр. Жер танабын байытуға айтарлықтай үлес қос-қан ғалым-агроном, бүгінде оншақты жыр кітабының авторы белгілі ақын Лайық Тоқайұлын біз де шын жүректен құттықтаймыз! Денсаулығын зор болып, творчествоңыз таси  берсін демекшіміз!
Қуанышбай Орманов.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓