Нұралы Садуақасов: «Жер иесін өзіміз тәрбиелеу керек»
Қарасу ауданында көктемгі дала жұмыстары ойдағыдай аяқталды. Ал мал шаруашылығында шешімін таппаған мәселелер баршылық. Облыс әкімі Нұралы Садуақасов аталған ауданға арнайы жұмыс сапарымен барып, шаруалармен кездесті.
Өңір басшысының жұмыс сапары әдеттегідей егістік алқаптарын аралаудан басталды. Мұндағы «Бірлік-Өмір» ЖШС-ның жаздық егіс алқабы -14027 гектарды құрап отыр. Оның 13855 гектарына дәнді дақыл себілді. Шаруа қожалығының директоры Оразалы Омарбековтың айтуынша, былтыр гектарынан 12,6 центнер астық алған. Ал «Люблинка» ЖШС-ның егістік алқабы-17430 гектар жер. Оның 16109 гектарына дәнді дақыл себілді. Аталмыш аудан егіс жұмыстарын уақытылы аяқтады.
-Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан облыстың шаруалары көктемгі дала жұмыстарын уақытылы аяқтады. Шаруалар күндіз-түні алқап маңында болып, қолдан келгенді жасады. Егіс жұмыстарын 4 маусымға дейін аяқтаған шаруашылықтар баршылық. Мәселен, Диевка және «Макс» ЖШС 3 маусымда аяқтады. Алда үш ай бар. Осы уақыт бойы күзгі жиын-терім жұмыстарына дайындаламыз. Облыстың егістік жұмыстарына көңілім толады немесе толмайды деп кесіп айту қиын. Біз қолдан келгенді жасап бақтық,-деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Облыс әкімі «Бірлік-Өмір», «Люблинка», «Ключевое» ЖШС-ның егістік алқаптарын аралап, мал шаруашылығын дамытуды тапсырды. Себебі биыл ауданда «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары бойынша көрсеткіш нольге тең.
– Қарасу-жері құнарлы, шөбі шұрайлы аудан. Мал шаруашылығына таптырмас жер. Аудандағы мал санының көрсеткіші төмен. Мал шаруашылығы өңірдің жетекші саласы болуы керек. Экспортқа сұраныс артатын кез келеді. Ет экспортының қазіргі ахуалы уақытша жағдай. Сондықтан өңдеу өнеркәсібіне көңіл бөлу керек. Өңдеумен айналысқан адам ұтады. Әлемдік саудада өз орнымызды сақтап қалу үшін қазірден бастап іске кіріскен жөн. Жайбасарлық танытсақ уақыт жоғалтып аламыз,-деді өңір басшысы.
Көктемгі дала жұмыстарын алғаш болып аяқтағандардың қатарында Қарасу ауыл шаруашылық колледжі бар. Оқу ордасы ауыл шаруашылығына қажетті кадр тәрбиелеуде алдыңғы шепте. Егістік жұмыстарын да бірінші болып бітірген. Колледждің 183 гектар жерді алып жатқан оқу тәжірибелік алқабы бар. Аталған жерге студенттерден құралған топ егін егеді. Көктемгі дала жұмыстарын өз көздерімен көріп, тәжірибе алады.
Колледж 1958 жылы құрылған. Ауыл шаруашылығына қажетті механизатор, агроном, ветеринар, аспаз сынды кәсіби мамандарды дайындайды. Яғни жастарға теориялық, практикалық білім беріп, шаруашылық қожалықтарына сақадай сай етіп жібереді. Биылдың өзінде 35 механизатор, 70 тракторшыны оқытты. Бір әттеген-айы колледж ғимараты ашылғалы бері күрделі жөндеу көрмеген. Қыс мезгілінде жылы лаборатория да қажет. Студенттерді аудан сыртындағы оқыту алаңына алып баратын ГАЗель де керек. Бұл мәселені шешуге қол қысқа, қаржы тапшы. Сондықтан колледж жеке жобасын қорғап, былтыр грант ұтып алды. Нәтижесінде колледжге 56 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржының 30 пайызы қайта даярлауға, қалғаны техника сатып алуға жұмсалды. Жоба аясында алынған техника өндірісте қолданып жүр. Мұндағы мамандар Минск, Новосибирск қалаларында біліктіліктерін арттырып, жер өңдеуге қатысты жаңа технологияны меңгеріп келді. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы колледжінің жұмысын жоғары бағалады. Кадр дайындауға ерекше көңіл бөлу маңызды екенін де айтты.
– Ауылдарды аралап, халықтың жұмысқа қабілеттілігін, экономикалық белсенділігін анықтау керек. Әсіресе, 9, 11 сынып бітірушілерімен сөйлесіп, ауыл шаруашылығы саласына баулу керек. Олардың арасынан мықты механизатор, агрономдар шығуы бек мүмкін. Кадр мәселесінде осыны ескерген жөн. Өзіміз үйретіп, тәрбиелемесек, тәжірибелі маман қайдан шығады? Жас мамандарға жағдай жасамасақ, ауылда жұмыс істеуге кім барады?-деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Қымбат ДОСЖАНОВА