Жұқпалы дерт анықталмады
Жанкелдин ауданындағы 58 ірі-қараның неден қырылғаны анықталды. Облыстық әкімшілік таратқан ресми ақпаратқа жүгінер болсақ, 4 шаруа қожалығында шетінеген малдың 8-нен сынама алынып, сараптамаға жіберілген. Оның қорытындысы маусымның 10-ында әзір болды. Ресми құжатта: Албарбөгет ауылдық округінде өлген малдан алынған сынамадан пастереллез, сібір жарасы анықталмады. Бұзаулары да жұқпалы дерттен таза – делінген.
Естеріңізге сала кетсек, облыстық ветеринарлық басқармасы аудандағы малдың қыстан көтерем шыққанын, көктемнің жаңбыры мен жаздың аптабына шыдамай шетінегенін хабарлаған еді. Жұқпалы дерттің жоқтығын жариялаған билік – алдында жасаған болжамдарының дұрыстығын осылайша, тағы бір дәлелдеуге тырысты. Шилі, Милысай, Ақкөл ауылдарының қырылған малдарынан алынған сынамалардың қорытындысы әзірге белгісіз. Билік өкілдері оны жақын арада жариялайтынын хабарлайды.
Жұматай Кәкімжанов