Мың баланың қуанышы
ҚР Конституциясы күні және 1 қыркүйек – білім күніне орай облыстық Аймағанбет қажы мешітінде «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы өтті. Көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларының және мүгедек балаларды оқу жылы алдында мектеп құралдарымен қамту акциясы жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Былтыр өңірімізде аз қамтылған отбасылардан шыққан 400 балаға оқуға қажетті құрал-жабдықтар таратылып берілген болатын. Биыл бұл сан 1000-ға жетті! Бүгінгі облыс орталығында өткен қайырымдылық шарасы барысында жүз оқушы құрал-жабдығы бар сөмкелерге ие болды.
– Көп балалы, жағдайы төмен отбасыларға мемлекет, соның ішінде мешіттер тарапынан осындай қайырымдылық шараларын ұйымдастыру сол балғындар үшін зор қуаныш. ҚМДБ бұл шараға бірнеше жылдан бері атсалысып келеді. Былтыр республика бойынша 19 мыңға жуық балаға керек-жарақ табысталса, биыл оның саны 20 мыңнан асып жығылды. Қостанай өңірі, соның ішінде облыстық, қалалық-аудандық мешіттер тарапынан мыңның үстінде балаға қамқорлық көрсету үлкен жетістік. 1000 сөмкенің 589-ы жергілікті әкімдік тарапынан берілсе, 411-іне мешіттеріміз мұрындық болып отыр, – деді акцияға арнайы келген ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти Бауыржан Есмахан.
Жалпы, біздің өңіріміз «Мектепке жол» акциясының бастамашысы екенін айта кету керек. Мұқтаж отбасыларға көмек қолын созу 2001 жылы Тобыл жерінде бастау алған.
– Бұл акция аясында аз қамтылған, көп балалы, жетім мен ата-ананың қамқорынсыз қалған балаларға нақты атаулы жәрдем көрсетіліп келеді. 2019 жылы облыстың өңірлерінде 42 миллион теңгеден астам қаржыға 5 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілді. Бұған біздің ҚМДБ-ның өңірдегі өкілдігі, қайырымды азаматтар көп үлес қосуда. Шара әлі де жалғасын таба береді деген сенімдемін, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк.
Қыдырбек Қиысхан,
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.