Кесене неге салынған?
Көкейде жүрген көп ойлардың бірі кесенелер жайында еді. Шамам келгенше, өмір тарихы мен өнер тарихына көңіл бөліп ізденіс жасап жүремін.
Ата-бабаларымыз кесенелерді тарихи тұлғаларға және бірін-бірі шын сүйген ғашықтар-ға салып отырған. Оған тарихтың өзі куә.
– Арыстан баб кесенесі. Түркістан халқының арасында дін таратушы. Қожа Ахмет Иасауидің (Яссауи) ұстазы XII ғ.
– Қожа Ахмет Иасауи кесенесі. XIV ғ. Түркістан қаласы.
– Айша бибі кесенесі XII ғ. Жамбыл облысы. Қарахан салдырған.
– Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесі. Семей өңірі Аякөз өзенінің сол жағында орналасқан. Биіктігі 12 метр, уақыты белгісіз.
– Ы. Алтынсарин кесенесі. Қостанай.
– М. Дулатов кесенесі. Жанкелдин ауданы, Бидайық ауылы.
Тізіп жаза берсең еліміз бойынша жүздеген кесенелер баршылық. Бірақ бар мәселе санында емес, тарихи мағынасында болып тұр. Әрине, кесенелерді әркімдер жағдайларынша, мүмкіндіктеріне байланысты әртүрлі етіп салып отырған. Биіктіктері де, көлемдері де әртүрлі болған. Қазаққа тән сәулеттік нақышын сақтаған. Биік кесенелердің сыры ұрпаққа үлгі болар тұлғаларды көрсету. Олардың халқының тағдыры үшін істеген еңбектері мен таза махаббаттарын үлгі ету. Солар арқылы жас ұрпақты адамгершілікке, шыншылдыққа, батырлыққа, махаббат беріктігіне, білімділікке, еңбек сүйгіштікке, отаншылдыққа және де барлық ұлылық атаулының бәріне тәрбиелеу болған. Ерекше биік кесенелерді көрген адам кімдікі деп сұраған. Ол жайында білуге көңіл бөлген. Білген соң сол адамның өзі де жақсылыққа, мықтылыққа ұмтылған.
Қазақта "Төрт құбылаң тең болсын" деген сөз бар. Бұл сөздің мағынасына көңіл бөлсек, жалпыға бірдей тамдардың төрт құбылалы болып келетінін білдіреді. Бір жағынан өміріңніңде барлық жағы тең, дұрыс болсын дегенді білдіргендей.
Қарапайым халыққа негізінде осы төрт құбылалы тамдар салынған. Белгілі ұлы тұлғаларға ғана кесенелер салынып отырған.
Қазіргі кезде де осы ата-бабаларымыздан қалған дәстүрді жалғастырсақ артық болмас еді деп ойлаймын. Соңымыздан өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тәрбиелік мәні зор болар еді.
М.РАХАЛИЕВ.