Болашақ сәулесі – қазақ тілінде
Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап айналасындағы жақсылықты, жарық сәулені, адамдық жылылықты сезініп өскісі келеді. Ұлы Абай да өзінің қара сөздерінің бірінде соны түйіндеген. Абайдың даналығынан дән іздеп, ой түйіндерінің өмір қиылысымен дәл келетініне таң қаламын. Таң қала отырып, үлкен бір ойға, мұңға батамын. Бұл қандай ой, қандай мұң, өзім де алыстан сағым көргендеймін, бірақ сол сағымға жете алмайтын сияқтымын. Енді түсінгендеймін, бұл – ана тілімнің болашағына алаңдаушылық мұңы. Бірақ бұлтты аспаннан кейін жарқырап күн шықпай ма, қыстан кейін шуағын жайып жаз келмей ме. Міне, қазақ тілінің болашағы да осындай жарқын, жарық, сәулелі деген сенімдемін.
Бұған дәлел, Қостанай қаласындағы №7 орта мектебіндегі қазақ тілі мәртебесінің биіктеуіне ықпал болатын іс шаралардың негізі. Жалпы, оқырманға, қауымға қазақ тілінің байлығын, әдебилігін, мәденилігін түсініп, ұғынғыңыз келсе, Абайдың, Мұқағалидың поэзия әлеміне сапар шегіңіз дер едім. Қазақ халқы өз дарындарын ерекше дәріптеген, қастерлеген халық. Ал мұндай дәріптеуді еске алу кештері арқылы дәлелдей білген. Сондай әдеби кештің бірі Қостанай қаласындағы №7 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері ұйымдастырған "Жырлайды жүрек" атты ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты еске алу кеші болды. Әдеби кеш керемет әдеби сарында, әдеби толқыныста өтті деуге болады. Жиналған қауымның арасында ақиық ақынның ерекше бір рухы сезіліп тұрғандай болды. Оқушылар ақынның өлеңдерін оқып, ән орындалып, би биленіп жақсы бір игі іс өз мақсатына жетті. Бұл кештен оқушылар өз бойларына сарқылмас әдеби, рухани азық алғандары анық. Ендеше, қазақ тілінің болашағына жарқын жолдың, сәулелі жолдың кең екенін көргендейміз.
Бұл мектептегі тағы игі бастаманың бірі мектеп телевидениесінің дүниеге келуі. Бұл бастамада мұғалімдердің көмегімен, ақыл-кеңесімен бөлісе білетін, бойларында шығармашылық қабілеттері бар оқушылар өз талаптарын, озық ойларын жетілдіре алады. Әрине, міндетті түрде мемлекеттік тілдің дәрежесі, биік мәртебесі бұл шығармашылық бастамада да жоғары болады.
Міне, ойымдағы көкжиексіз сағым бірте-бірте алыстай берді, алыстай берді. Көңілімдегі мұң да мәңгіге жоғалғандай. Өйткені алда тек жарық сәуле, қуаныш сәулесі күтіп тұрғандай ерекше бір жайлылық орнады. Болашақ сәулесі – қазақ тілінде екеніне сенемін.
Әйгерім Коккинакиқызы,
Қостанай қаласындағы №7 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.